Аралда спорт-сауықтыру кешені пайдалануға берілді -Қызылорда облысы
08:33, 07 Қыркүйек 2010
ҚЫЗЫЛОРДА. Қыркүйектің 7-сі. ҚазАқпарат /Жаңагүл Сердалы/ - Қызылорда облысы Арал ауданындағы салынып жатқан спорт-сауықтыру кешенінің құрылыс жұмыстарын толық аяқтауға республикалық бюджеттен 2010 жылы 150,0 млн. теңге қосымша қаржы бөлінген болатын. Арал күндері қарсаңында құрылыс жұмыстары бітіп, ғимарат пайдалануға берілді.
Балалар үшін жұмыс жасайтын бүкіл әлемге танымал испандық технологиямен жабдықталған жабық жүзу хаузы іске қосылып жұмыс жасауда. Қазірде хаузда душ, сауна, буфет жұмыс істеп тұр. Кешен заманауи талаптарға сай спорттық құрал-жабдықтармен жабдықталған.
Ауданда облыс бойынша бірінші болып, спорттық қоғам құру жұмысы қолға алынды. Бүгінгі күні филиалдың құрылтай құжаттары әділет органдарынан тіркеуден өткізіліп «Спартак» дене тәрбиесі Республикалық қоғамдық бірлестігінің Арал аудандық филиалы құрылды. Қазір ұйымдастыру шаралары жүргізілуде. Қоғамның өз алдына есеп-шоты ашылды.