Ашғабадта ҚР Елшілігі Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл Халықаралық күніне арналған «дөңгелек үстел» отырысы мен фотокөрмені ұйымдастырды

None
АСТАНА. Қыркүйектің 3-і. ҚазАқпарат - Бүгін Ашғабадта ҚР Елшілігі БҰҰ-ның Орталық Азия үшін превентивтік дипломатия бойынша аймақтық орталығымен бірлесе отырып, БҰҰ Бас Ассамблеясының 2009 жылғы желтоқсанның 2-сіндегі қабылдаған қарарына сәйкес биыл алғаш рет аталып өтіп отырған Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл халықаралық күніне арнап «дөңгелек үстел» отырысы мен фотокөрмені ұйымдастырды, деп хабарлайды ҚР Елшілігінің баспасөз қызметі.

«Дөңгелек үстел» отырысына Түрікменстанның сыртқы саясат ведомствосының өкілдері, Ашғабадта тіркелген дипломатиялық миссиялардың басшылары мен өкілдері қатысты.

Өз сөзінде ҚР Елшісі Асхат Оразбай 1991 жылы өз тәуелсіздігін алған Қазақстан Кеңес Одағынан қалған әлем бойынша төртінші ядролық қару мұрасынан бас тартып қана қоймай, Семей ядролық сынақ полигонын да жапқанын атап өтті. Осы бастамасымен ол бүкіл дүние жүзінде ядролық қаруды таратпау туралы режимді нығайту ісіне өз үлесін қосты.

Форумда сөз алған БҰҰ Бас хатшысының арнайы өкілі - Орталық Азия бойынша превентивтік дипломатия орталығының басшысы Мирослав Енча, АҚШ-тың Түрікменстандағы уақытша сенімді өкілі Линн Трейси, Түрікменстан сыртқы істер министрлігінің өкілі Сердар Дурдыев Қазақстанның және Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ядролық қарусыздану және оны таратпау жаһандық үдерісіне қосқан үлесін және көшбасшылығын атап көрсетті.

«Дөңгелек үстелге» қатысушыларға арнап Елшілік Семей полигонының жабылу тарихы, ядролық қарусыздану саласындағы халықаралық форумдарға Қазақстанның қатысуы және халықаралық құжаттар жайлы баяндайтын фотокөрме ұйымдастырылды. Шараға қатысушыларға Астанада тамыздың 26-сында өткен Ядролық сынақтарға қарсы тұру халықаралық күніне арналған халықаралық конференция қатысушылары қабылдаған үндеудің мәтіні және осы тақырыпқа байланысты басқа да материалдар таратылды.