Астана әкімдігі полицияның қоғамдық көмекшілерін қолдау мақсатында жыл сайын 13 миллион теңге бөледі

None
АСТАНА. Сәуірдің 9-ы ҚазАқпарат - Кеше Астана қалалық әкімділігінде елорданың ішкі істер департаменті басшысы қаладағы 13 жоғары оқу орнының проректорларымен кездесті. Бұл ақпаратты Астана қалалық ІІД тіл саясаты және ақпарат бөлімі таратып отыр.

Алқалы жиынға Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық, Агротехникалық, Медициналық және Қазақстан-Ресей, Технология және бизнес, Экономика, қаржы және халықаралық сауда университеттері сынды білім ордаларының басшылары, сондай-ақ Астана қалалық әкімдігінің ішкі саясат басқармасы мен ҚР ҰҚК қалалық департаментінің өкілдері қатысты.

Кездесу барысында жастар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, құқықтық тәртіпті одан әрі нығайту барысындағы өзара ынтымақтастық, полицейлерге көмек беретін жедел жастар жасақтарының желісін кеңейту мәселелері талқыға салынды.

Қазіргі уақытта полицияның учаскелік инспекторларына студенттер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуда жедел жастар жасағы көп көмек көрсеуде. Бұл бағыттағы тәжірибелер Еуразия және Агротехникалық университеттерде мол.

Бүгінгі таңда аталған жасақтардың қатарында 300-ден астам студент бар. Осы орайда қалалық әкімдік полицияның қоғамдық көмекшілеріне қолдау көрсету мақсатында жыл сайын 13 миллион теңге бөліп отыр. Сондай-ақ қалалық ішкі істер департаменті аталған көмекшілерді тоқсан сайын 10 мың теңге көлемінде қаржы беріп, қолдауда. Ал аталған жоғары оқу орындары тарапынан жасақ мүшелеріне айлық жолақы билеттерін, тамақтану талондарын, сонда-ақ жатақханадан орын беру арқылы қолдау көрсетілуде.

Кездесудың қорытындысы бойынша, жастар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған бірқатар ұсыныстар қабылданды.