"Астана арландары" мен "Los Angeles Matadors" клубтарының екінші жекпе-жегі өтеді

None
АЛМАТЫ. 31 желтоқсан. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Астанада 14-қаңтарда Бүкіләлемдік бокс сериясының "А" тобындағы "Астана арландары" мен "Los Angeles Matadors" клубтарының екінші жекпе-жегі өтеді.

Сырт алаңда қарсыластарына 2:3 есебімен есе жіберген астаналықтар бұл дүбірлі додаға әзірлігін Алматыда өткізген еді. Енді олар 3-қаңтардан бастап оны Астанада пысықтамақ. Сондай-ақ 4-қаңтарда команда сапына жаңадан қосылған қостанайлық Самат Башенов пен қызылордалық Рүстем Сваевпен келісім-шарт жасалмақ. 61 келіге дейінгі салмақта бақ сынайтын Самат Әділет Елгезеков, Мерей Ақшалоқов пен Ержан Мүсәпіровпен, ал Рүстем 73 келі салмаққа дейінгілер арасында Дәурен Елеусінов, Мирас Байырханов, Қанат Ісләм мен Хусан Байматовтың қатарын толықтырмақ.

Қазіргі таңда "А" тобындағы командалар арасында 5 кездесуді де өз пайдасына шешіп, 15 ұпай жинаған "D&G Milano Thunder" командасы бірінші орында келе жатыр. Одан кейінгі орында 10 ұпаймен екі кездесуде жеңіп, үшеуінде жеңіліс тапқан "Astana Arlans" (Астана арландары) тұр. Олардан 1 ұпайы кем "Los Angeles Matadors" үшінші орынға табан тіреуде. Екі кездесуде ғана жеңіске жеткен "Dynamo Moscow" мен "Mumbai Fighters" командаларының қоржынында 7 ұпайдан бар. Топ соңындағы "Bangkok" әзірге бірде-бір кездесу өткізген жоқ. Ал "В" тобында 4 кездесуді де өз пайдасына шешкен "Baku Fires" 12 ұпаймен көш бастауда. 1 жеңілісі бар "Leipzig Leopards" - 9 ұпай, 2 жеңілісі бар "Mexico City Guerreros" - 7 ұпай жинады. Сондай-ақ 3 кездесудің біреуінде ғана жеңген "Paris United" - 4 ұпай, "Wuxi Dragons -3, ал 4 кездесуде де жеңіліс тапқан "Istanbul Bosphorus" 2 ұпайға ие.