Астана маңындағы өртті толық сөндіруге екі апта керек - министр

АСТАНА. ҚазАқпарат - Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов Астана маңындағы құрғақ шөп өрті қашан толықтай сөндірілетінін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жағдай тұрақты, кеше сағат 21.00-де өрт аумағы оқшауланғанын хабарладық. Бұл жерде біраз жылдан бері жиналған құрғақ қамыс өртенді. Жел екпіні күшейген кезде бықсыған қалың шөп қайта өртенуі мүмкін», - деді С. Шәріпханов Мәжілісте тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Оның айтуынша, өртті толықтай өшіруге шамамен бір аптадан аса уақыт керек.

«Бұған бір-екі апта уақыт керек болады. Мұның барлығы аталған факторларға байланысты. Әрине, өрт сөндірушілер жұмысы мен жаңбыр өртті толықтай өшіруге елеулі ықпал етері анық», - деді министр.

Айта кетейік, бүгін таңертең елорда маңындағы өртті сөндіру жалғасып жатқаны хабарланды.

19 маусым күні Астана маңындағы құрғақ шөп өрті 80 гектар аумаққа жеткені және оқшауланғаны мәлім болды.