Астанада ақын-сазгер Әкім Ысқақтың «Көңіл қымбат» атты шығармашылық кеші өтеді
17:11, 08 Қыркүйек 2010
АСТАНА. Қыркүйектің 8-і. ҚазАқпарат - Қыркүйектің 10-күні Астана қаласындағы Президенттік мәдени орталықтың концерт залында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын-сазгер Әкім Ысқақтың «Көңіл қымбат» атты шығармашылық кеші өтеді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл шара қыркүйектің 3 күні 50 жасқа толған қаламгердің мерейтойына арналып отыр. Ақын, журналист Әкім Ысқақтың және бір қыры - сазгерлігі. Ол өзіндік өрнегі бар жетпіске жуық әннің авторы. Әсіресе, «Көңіл қымбат», «Көк тудың желбірегені» деген әндері өнерсүйер қауымға жақсы танымал.
Ә.Ысқақ - Шымкент педагогика институтының түлегі. Әуелі туған ауылында мектеп мұғалімі, кейін республикалық "Жас Алаш" газетінің тілшісі болды. Содан кейін облыс әкімінің баспасөз хатшысы, Ордабасы аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарды.
ҚР Парламенті Мәжілісінің бірінші шақырылымының депутаты болды. Бірнеше жыр жинақтарының авторы.