Астанада қала әкімінің атынан аз қамтамасыз етілген және жетім балаларға арналған жаңажылдық шырша мерекесі өтті

None
АСТАНА. 29 желтоқсан. ҚазАқпарат /Гүлмира Алякпарова/ - Бүгін Астанада М.Өтемісұлы атындағы оқушылар сарайында Астана қаласы әкімінің атынан ата-ананың қамқорлығынан айырылған және аз қамтамасыз етілген отбасыларда тұратын балаларға арналған жаңажылдық шырша мерекесі өтті.

Шырша мерекесіне Астананың балалар үйінен, «SOS» балалар қалашығынан, кәмелеттік жасқа толмаған балаларға арналған жетімханадан, жетім балаларға арналған арнайы коррекциялық мектеп-интернаттан және білім беру мекемелерінде оқитын барлығы 150 бала қатысты.

Қала басшысы Иманғали Тасмағамбетовтің балаларға арнаған құттықтауын Білім беру басқармасы бастығының орынбасары Римма Иманғазинова жеткізді.

Жас қонақтар үшін шыршаның жанында «Тәуелсіздік - алтын бесік» атты театрландырылған мерекелік бағдарлама ұйымдастырылды. Олар Аяз Атамен және Ақшақармен бірге ертегілер мен жаңажылдық ғажайыптар әлеміне саяхат жасады. Балалардың алдында «Юность Астаны», «Звездный час» эстрадалық вокал студиялары, «Бәйтерек», «Созвездие» би ансамбльдері, «Балдырған» халық циркінің шығармашылық ұжымдары өнер көрсетті.

Мереке соңында балдырғандар «тәтті» дастархан басына жайғасып, олардың әрқайсысына естелік сыйлықтар берілді.

Айта кетейік, түстен кейін М.Өтемісұлы атындағы оқушылар сарайында Астана әкімінің атынан шырша мерекесі дарынды балаларға арнап өткізіледі.