Астанада Мемлекет тарихы институтының жанынан диссертациялық кеңес ашылды
деп хабарлайды институттың баспасөз қызметінен.
«Білім және ғылым министрлігінің Білім және ғылым саласын бақылау комитетінің төрағасы Найман Қалабаев Мемлекет тарихы институты жанынан бірлескен диссертациялық кеңес ашу туралы бұйрық берді», делінген институттың баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Бұдан былай елордада тарих саласы бойынша докторлық диссертацияларды екі мамандық бойынша - отандық тарих (Қазақстан Республикасының тарихы ) және тарих жылнамасы, дереккөзтану және тарихи зерттеулер әдістемесі мамандықтары бойынша қорғауға болады.
Бүгінге дейін елімізде тарихшылар өз ғылыми жұмыстарын қорғай алатын жеті диссертациялық кеңес жұмыс істеп келді. Жаңадан ашылған диссертациялық кеңестің құрамына Астана, Қостанай, Павлодар, Өскемен қалаларының жоғары оқу орындары мен мемлекеттік органдарының 14 өкілі кіріп отыр. Кеңес төрағалығына Мемлекет тарихы институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Бүркітбай Аяған тағайындалды.