Астанада полиция қызметкерлері көпқабатты үйдің тұрғындарын тілсіз жаудан құтқарып алды

None
АСТАНА. 7 қаңтар. ҚазАқпарат - Астанада полиция қызметкерлері көпқабатты үйдің тұрғындарын тілсіз жаудан құтқарып алды, деп хабарлайды қалалық ІІД-нің баспасөз қызметі.

Өрт кеше түнгі 02.45 минут шамасында қаладағы Жұмабаев көшесінің бойындағы үйлердің бірінде, лифтіде тұтанған.

Оқиға орнына сол маңдағы жаяу патрульде жүрген патрульдік полиция полкінің қызметкерлері кіші сержант Мирас Қабдышев, тәжірибеден енді ғана өтіп жүрген Әділет Ысқақов оқиға орнына бірінші болып жетеді. Кейін оларға патрульдік полиция полкінің аға сержанты Талғат Қолшыбаев қосылады.

«Өрттің қою түтіні дәлізді орап, тұрғындардың өміріне қауіп төндірді. Батылдық әрекетке барған полиция қызметкерлері тез арада тұрғындарды шырт ұйқыдан оятып, тысқа алып шығады. Өрттің ушыққанынан 5 қабатта тұратын қария есінен танып қалады. Полиция қызметкерлері қарияны көтеріп, бірінші қабатқа жеткізіп, дәрігерлердің қарауына тапсырады», - деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.