Астанада «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ арқылы тұрғын үйді жалға беру бағдарламасы жүзеге асырыла бастады
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бағдарламаның басталуына орай елорда әкімі Иманғали Тасмағамбетов пен «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ Басқарма төрағасы Қайрат Келімбетов ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Астана қаласының әкімдігі келісім аясында Жылжымайтын мүлік қорына (ЖМҚ) баспанаға мұқтаждардың кезегінде тұрған әлеуметтік әлсіз топ өкілдерінің тізімін ұсынатын болады. Ол азаматтар жалға берілетін пәтерлерді үлестіру кезінде басымдыққа ие болмақ.
ЖМҚ Басқарма төрағасы Ғосман Әмрин мәлім еткендей, компания пәтерлерді бизнес, эконом және әлеуметтік санаттар бойынша - жалдау, жалдау арқылы сатып алу және қолма-қол сатып алу қағидаттары бойынша үлестіретін болады. Бүгінгі күні «Ақжайық» және «Әл-Арқа» тұрғын үй кешендерінің құрылысы аяқталды, олар бойынша азаматтардан құжаттарды қабылдау ағымдағы сәуір айының 12-сінен басталады. Жыл соңына дейін жалға беру нарығына барлығы 1300 пәтер тапсырылмақ. Жалға берілетін пәтерлерге төлем қабілеттілігі жоғары Қазақстан Республикасының кез-келген азаматы үміттене алады. Жалға алушы 5 жылға дейін ЖМҚ-дан пәтерді сатып алуға, сатуға және басқа тұлғаға жалға беруге құқығы жоқ. Пәтерлерді жалға беру мерзімі - 12 жыл. Бұл мерзім ішінде келісімде көрсетілген баға өзгермейді және тұрақты болады. Сондай-ақ, пәтердің бір айлық жалдық бағасының 4 еселенген мөлшердегі сомасы бағдарламаның операторы - «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-да депозитке салынуы тиіс.
Әлеуметтік санаттағы үйлер баспанасы жоқ азаматтарға ғана берілетін болса, эконом және бизнес санаттағы пәтерлерге тұрғын үй жағдайын жақсартқысы келетін үйлері бар адамдар үміттене алады. Бірінші кезектегі басымдық баспанасы жоқтарға беріледі. Ал бір үйге тең жағдаймен бірнеше адам таласатын болса, онда 2005 жылдан бастап Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларына қатысқандар үстемдікке ие болады.
Нысандардың іске қосылу шамасына қарай құжаттарды қабылдау мерзімі белгіленіп отырады және ол алдын ала жарияланады. Үміткер өтінімдерді қабылдау басталған күні алдымен, оператор Банкке барып (Қажымұқан к-сі, 12 «а»), өзінің төлем қабілеттілігін анықтайды. Банктің бұл қызметі үшін комиссиялық төлем 14 мың теңгені құрайды (1 жыл үшін). Құжаттар қабылдау басталғаннан 15 күннен кешіктірілмей ұсынылуы тиіс. Оларды қарау және шешім шығару мерзімі 38 күннен аспайтын болады.
Сондай-ақ, қабылданған құжаттарды қарау және үйлерді бөлу кезінде ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында арнайы тұрғын үй комиссиясы құрылды. Оның құрамына «Нұр Отан» ХДП, ЖМҚ, Астана әкімдігі, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ және «Атамекен» одағы» Қазақстан ұлттық экономикалық палатасының өкілдері енді.
Сонымен бірге, «Самұрық-Қазына» холдингінің құрылымдары үшін квота енгізілмек және Қазақстан Үкіметіне үйлерді Ережеден тыс үлестіру мүмкіндігі қарастырылады.
Бағдарлама Ережесінің толық мәтіні сәуірдің 10-ы күні «Казахстанская правда» және «Егемен Қазақстан» газеттерінде және ЖМҚ-ның www.kazproperty.kz сайтында жарияланады, сондай-ақ сәуірдің 8-інен бастап барлық сұрақтар бойынша ақпараттық (87172 634415) және call-орталықтар (87172 634364) жұмыс істейді. Азаматтарды қабылдауды ЖМҚ-ның еншілес компаниясы «ФН менеджмент» ЖШС (Орынбор к-сі, 21/1, 2-ші кеңсе) жүргізеді.