Астанада техникалық тексеруден өтуге тапсырылған 171 103 көліктің 12 668-і жарамсыз күйде - Жол полициясы

None
АСТАНА. Қыркүйектің 13-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Астана қаласында көліктердің жыл сайынғы техникалық тексеруден өту қарқыны 88,2 пайызды құрады. Бұл туралы елордалық ІІД Жол полициясы басқармасынан мәлім етті.

Еске сала кетейік, қазір көліктерді техникалық тексеруден өткізу функциясы Жол полициясы басқармасының құзырына берілді.

Бүгінгі күні Астанада 206 302 бірлік техникалық құрал тіркелген. Оның 171 103-і жеке тұлғаларға, 35 199-ы заңды тұлғаларға тиесілі. Өткен сегіз айда техникалық тексеруден өтуге 171 103 көлік тапсырылды, оның 95 133-і ереже-талаптарға сай болса, 12 668-інде түрлі кінәраттар табылған. Тексеруден өту қарқыны 88,2 пайызды құрады.

Сонымен бірге, ЖПБ мемлекеттік техникалық тексерістен өтпеген автокөлік құралдарын жолға шығару ҚР Жолда жүру ережелерімен тыйым салынатындығын ескертіп, бұл талап орындалмаған жағдайда Әкімшілік құқықбұзушылық туралы ҚР Кодексінің 461-ші бабына сәйкес үш айлық есептік көрсеткіш көлемінде (4239 теңге) айыппұл салынатынын сондай-ақ, көлік пайдалануға шығарылмайтынын айтты.

Еске сала кетейік, ҚР Салық заңнамасына 2010 жылғы қаңтардың 1-інде енгізілген өзгертулерге сәйкес, механикалық көліктер мен тіркемелерге куәліктер мен техникалық тексеруден өткендігі туралы талондар, көліктің ағымдағы жылғы салығы төленгендігін растайтын түбіртек ұсынылған жағдайда ғана беріледі.