Астанадағы «7 бөшке» тұрғын үй кешенінің өртке осал материалы қашан ауыстырылады — ТЖМ жауабы
АСТАНА. KAZINFORM — Төтенше жағдайлар министрлігі Өртке қарсы қызмет комитетінің бас маманы Аспандияр Сапарғалиев Астанадағы «7 бөшке» тұрғын үй кешеніндегі өрттің себептері туралы пікір білдірді.
Өртке қарсы маусымының барысы туралы баспасөз мәслихатында БАҚ өкілі аталған үйде неге қайта-қайта өрт шығатынын сұраған.
— «Семь бочек» тұрғын үйін салған кезде алюкобонд материалы қолданылған. Бұл өзі ескі технологияның материалы. 2009 жылы қолданыстан алып тастағанбыз. Егер бұл үйдің жобасына қандай да бір өзгеріс енгізілетін болса, алюкобонд материалы толығымен ауыстырылуы керек. Ал жобаға қандай да бір өзгеріс енгізілмесе, ауыстырылмайды, — деген екіұшты жауап айтты Аспандияр Сапарғалиев.
«Ондай өзгерісті сіздер талап етпесеңіздер кім енгізеді» деп сұрады журналист.
ТЖМ өкілі мұндай өртке осал нысандардың кемшілігі жою туралы әкімдіктерге жыл сайын хат жіберетінін, бірақ кейбір органдар ол талаптарды орындауға асықпайтынын айтады.
— Біз өз тарапымыздан жылда хат жазамыз. Әр өңірде төтенше жағдайлар департаменті бар. Ескі талаптармен салынып кеткен ғимарат болса, әрдайым хат жазамыз. Көптеген жұмыс істелді. Өзгерткендер де бар, қаражат жетпеуіне байланысты келесі жылға қалдырып жүргенде де бар. Нақты «Семь бочек» нысаны бойынша Астана әкімдігіне қашан хат жібергенімізді қазір нақты айта алмаймын, — деді комитет маманы.
Еске салсақ, 4 маусым күні елордадағы «7 бөшке» тұрғын үйінен өрт шығып, тұрғындары қауіпсіз жерге көшірілген болатын.