Астанадағы бейнебақылау камераларының көмегімен қарақшылық қылмыс ашылды

None
АСТАНА. 23 қаңтар. ҚазАқпарат - Елордалық жедел уәкілдер Жедел басқару орталықтарының бейнебақылау камераларының көмегімен қаруды қолдана отырып, бұзақылық жасаған күдіктілерді ұстады.

Бұл туралы бүгін брифингте ҚР ІІМ ресми өкілі Нұрділдә Ораз мәлім етті.

«20 қаңтарда Алматы ауданы ІІБ-нің полиция бөліміне таңғы сағат 5-тер шамасында қала фирмаларының директоры оны түнгі клубтардың бірінде белгісіз біреулер ұрып-соғып, жарақат келтіретін тапаншадан атқаны туралы хабарлады», - деп атап өтті Н.Ораз.

Оның айтуынша, жедел-іздестіру іс-шараларын өткізу кезінде полиция қызметкерлері қаланың екі тұрғынын ұстаған.

Тергеу амалдары кезінде түнгі клубта күдіктілер мен жәбірленушілердің арасында ұрыс-керіс болғаны анықталды. Ұрыс-керіс кезінде бұзақылар жәбірленушіні ұрып-соғып, қашып кеткен.

«Қазіргі уақытта бұзақылық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды, олардың осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде», деді ресми өкіл.