Атырауды күйік иісі басып қалды: Әкімдік түсініктеме берді
АСТАНА. KAZINFORM — Қала тұрғындарын алаңдатқан иістің себебі — «Сасықсай» маңындағы өрт екені анықталды, деп хабарлайды Атырау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Өңір басшысының тапсырмасына сәйкес, Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаевтың төрағалығымен қаладағы күйік иісіне себеп болған өрт ошақтарын анықтау және жою жөніндегі жедел штабтың отырысы өтті.
— Мониторинг барысында өрттің «Сасықсай» булану алаңының ар жағында, Атырау қаласынан 20 шақырым жердегі теңіз жақ бетте тұтанғаны белгілі болды. Оны ауыздықтауға төтенше жағдайлар департаментінің күштері мен құралдары жұмылдырылды, — делінген әкімдік таратқан ақпаратта.
Айта кетейік, осыған ұқсас жағдай маусым айында да болды. Сол кезде «Ақжайық» табиғи резерватындағы қамыс өрті салдарынан Атырауды түтін басқан еді.