«Аты бірыңғай, заты қайшылықты жүйе болып шықты» - республикалық басылымдарға шолу
Кеше Қазақстанға сапармен келген Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Пан Ги Мун Семей өңіріндегі бұрынғы сынақ аймағында болды. Аталған тақырыпты арқау еткен мақала «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санында «Ядролық қаруға ие барлық мемлекеттерді Қазақстанның жолымен жүруге шақырамын» деген Пан Ги Мун мырзаның сөзімен беріліпті. «Мәртебелі мейман Курчатов қаласымен, жалпы кешегі сынақ полигонының өткені мен бүгінгі тынысы туралы таныстығы осындағы Ұлттық ядролық орталық құрамындағы полигон тарихы мұражайынан басталды. Семей қасіретін айғақты деректермен сипаттайтын бұл мұражаймен Бас хатшы асықпай танысты. Бұдан кейін ол термоядролық "Токамак" реакторында болды. Мұның алғашқысы, жоғарыда айтқандай, осы өңірдегі елдің басынан өткен кешегі қилы тарихты қозғаса, екіншісі егемен елдің жарқын болашағын айғақтайды»,- деп жазды басылым.
Атырау қаласында "Атырау Мұнай, Газ және Инфрақұрылым - Atyrau Oіl & Gas 2010" көрмесі мен "OіlTech Atyrau" конференциясы өтті. Оған Ұлыбритания, Германия, Италия, Қазақстан, Қытай, Литва, Ресей, Түркия, Украина мен Франциядан келген 100 компания қатысты. Егжей-тегжейін «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санындағы «Мұнай-газ өнеркәсібіне қызығушылық» атты мақаладан оқи аласыздар.
«Қаңтар айынан бастап кез келген тұрғынға өзіне ұнайтын емдеу мекемесін таңдауға толық құқық берілді. Алматылықтарға учаскелік емханалардың қызмет сапасын анықтау қиын болса да, халық шартты түрдегі қалауы бойынша емхана таңдауға мәжбүр болды. Дегенмен «осы тәуір-ау» деген емхананы таңдаған тұрғынды күтіп тұрған көл-көсір жеңілдік тағы болмай шықты. Ең әуелі, емхана ауыстыратын тұрғын «учаскелік дәрігерге өзім келіп қараламын, үйге шақырмаймын» деп құжат рәсімдеуі қажет. Өйткені жаңа жүйе бойынша басқа емхананы таңдаған жағдайда бұрынғы учаскелік дәрігеріңіз екібастан, тіпті жаңа дәрігеріңіз де үйге келіп көмек көрсетпейді»,- деп жазды «Алаш айнасы» басылымының бүгінгі саны. Егжей-тегжйін газеттегі «Аты бірыңғай, заты қайшылықты жүйе болып шықты»деген атпен берілген мақаладан оқи аласыздар.
«Алаш айнасы» газетінің дәстүрлі «Дат» айдарындағы «Отбасылық дәрігер ең алдымен шалғай ауылдарға қажет» деген тақырыппен берілген сұхбатта, медицина ғылымының докторы Асқар Сейсенбавпен бүгінгі денсаулық сақтау саласындағы өзгерістер мен өзекті мәселелер жөнінде әңгіме өрбітіпті. Дат айдарының қонағы отбасылық дәрігерлер елімізде дамымай отырғанын тілге тиек ете келіп, отбасылық дәрігерді қолданып отырған бүгінгі таңдағы шетелдің үздік тәжірибесіне иек артады. «Үнемі дәрігер бақылауындағы пациенттің сырқаты асқынбайды. Еуропада отбасылық дәрігерлер қызметі кеңінен қолданылып келеді. Нәтижесінде құрт ауруы, демікпе және түрлі жұқпалы індеттердің алдын алу мүмкіндігі туған. Сондықтан да бұл мамандық иелері біздің тәжірибемізге де неғұрлым тезірек енсе біздің соғұрлым ұтарымыз мол болмақ» - дейді Асқар Сейсенбаев.
Бұрынғы денсаулық сақтау жүйесі бойынша науқастарға берілетін квоталар жергілікті денсаулық сақтау департаменттеріне берілетін. Облыстық басқармаларға үлестірілетін мұндай жеңілдіктер жүздеген кептерге бір уыс дән шашқанмен бірдей еді. Мұндайда жақын тұрған жердегі құстардың аузы майланатыны сияқты жергілікті департаментке түскен квоталар қу-жылпостар мен әрненің ебін тапқандардың қанжығасында кететін. Биылғы жылы енгізілген біріңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі арқылы науқас адам қай жерде емделуін өзі шешетін құқыққа ие болады деп уәде берілген-ді. Жақында осы мәселені өзгерту туралы әңгіме көтерілді. Алыс ауылдардағы квотаны қайдан алған тиімді? Осы мәселе туралы «Алаш айнасы» газетінің бүгінгі санындағы «Ауру қалаға емес, дәрігер ауылға барғаны дұрыс шығар» атты мақаладан оқуға болады
Әрбір күн бізді елімізде бұрын-соңды болып көрмеген ғаламат спорт додасы - Азиадаға жақындата түсуде. «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санында жарық көрген «Алматы Азиададаға адымдап барады» атты мақала елімізде өтетін осы дүбірлі додаға тоқталыпты. «Астана және Алматы қалаларында 2011 жылдың 30 қаңтары мен 6 ақпаны аралығында өтетін осынау VІІ Қысқы Азия ойындарының ауқымы ауыз толтырып айтуға тұрарлықтай. Оның жалпы бағдарламасына келер болсақ, спорттың 11 түрі бойынша 70 медальдар жиынтығын сарапқа салу көзделген. Азиада бағдарламасының алматылық бөлігінде жарыстар спорттың 8 түрі бойынша: шаңғымен жүгіру, биатлон, тау шаңғысы, фристайл, шаңғымен тұғырдан секіру, допты хоккей (бенди), шаңғыдағы қысқы спорттық бағдарлау және әйелдер хоккейінен өтетін болып келісілген»,-дейді басылым.
***
Өткен жылы қыркүйек айында Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы «Біржан сал» атты жаңа фильмнің тұсауын кескен болатын. «Айқын» басылымының бүгінгі санында жарық көрген «Кезінде қолы байланған Біржан салдың қазір неге жолы байланып тұр?» аттымақала аталған фильмнің жұрт арасында көрсетілмей жатқанын тілге тиек етіпті. Осыған байланысты мақалада жаңа шығарманың режиссері Досхан Жолжақсынов пен сценарий авторы Таласбек Әсемқұлов өз ойларын ортаға салыпты.
«Үш бағыт ұшпаққа шығара ма?» Осындай сауалға құрылған «Айқын» газетінің бүгінгі санындағы келесі мақала кеше «Атамекен» Одағы» Ұлттық экономикалық палатасының кеңейтілген жиына назар аударыпты. «Жиында Үкімет атынан келген Экономикалық даму және сауда вице-министрі М.Құсайынов «Бизнестің жол карсасы-2020»-ның таныстырылымын жасады»,-дейді басылым.
«Адами өлшем қауіпсіздік тұжырымдамасының құрамдас бөлігі, бұл сөз жоқ, ЕҚЫҰ қызметінің басым бағыттарының бірі. Сонымен қатар адами өлшемнің насихаты да жақсы. Әсіресе, бұл бағыт әдетте кеңінен жарыққа шығады»,-дейді Қазақстанның ЕҚЫҰ жанындағы тұрақты өкілі Қайрат Әбдірахманов «Айқын» газетіне берген сұхбатында. Қазақстан төрағалығының алғашқы кезеңіндегі қортындысы жайында білгіңіз келсе, газеттегі «Төрағалық әлемдік қауымдастық алдында саяси салмақ пен бедел алып келді» деген тақырыптағы сұхбатқа назар аударыңыз.