Атырауда әмбебап дүкеннің шатыры толығымен жанып кетті

Фото: Атырау ТЖД баспасөз қызметі
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда әмбебап дүкеннің шатыры толығымен жанып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобынан мәлім еткендей, өрт бүгін, 22 маусымда жергілікті уақытпен сағат 13:04-те тұтанған.

«Атырау қаласының Ғ.Абдрахманов көшесінде орналасқан әмбебап дүкендердің бірінен түтін шыққаны бойынша шақырту түсті. Өрт өндіру бөлімдері шақырту орнына жеткен кезде әмбебап дүкеннің төбе жабындысы жанғаны белгілі болды. Жалынның салдарынан 800 шаршы метр көлемінде төбе жабындысы жанып кетті. Өрт сағат 14:27-де оқшауланып, сағат 14:45-те толық сөндірілді», -деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы.

Дүкендегі өртті Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінен, «Семсер – Өрт сөндіруші» ЖШС, «СКЭБР», «Атма Аэропорт» АҚ және «Апаттық медицина орталығы» мекемесінен 53 адам, 13 техника жұмылдырылды.

Өрттің шығу себебі анықталып жатыр.


Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында мұнай айдау стансасының маңында 20 гектар жер өртенгенін жазған едік.


Индер ауданындағы Елтай ауылының тұсында орналасқан мұнай айдау стансасына жақын жердегі дала шөбі жанып, 20 гектар аумаққа жайылған.

Жалынды сөндіруге төтенше жағдайлар департаментінің 9 қызметкері мен ерікті өрт сөндіру жасағынан 14 адам, 3 өрт сөндіру машинасы, 1 су таситын көлік, 1 трактор тартылды.

Кейін жолда келе жатқан автобус түгі қалмай жанып кетті.

Мақат ауданындағы Доссор кентінен Құлсары қаласына қатынайтын тасжолдың 27-шақырымында автобус өртенді. «Yutong» автобусы зауыттан 2018 жылы шығарылған.

Көлік Жылыой ауданының орталығы Құлсары қаласына бағыт алған.