Атырауда көші-қон заңнамасын бұзған 11 шетелдік ел аумағынан қуылды
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, 19 маусымнан бері «Заңсыз келуші-2023» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр.
«Іс-шараны өткізудегі мақсат – елден шығарып жіберу туралы сот шешімін орындамаған шетелдіктерді анықтау, заңсыз көші-қон фактілерінің, яғни, әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатын көші-қон заңнамасын бұзудың алдын-алу. Екі күнде көші-қон заңнамасын бұзған 231 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның бәрі ішінде ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 517-бабындағы 3, 4, 5, 6 және 7-бөлігінің талабын сақтамаған. Ал, 95 адамға аталған құжаттың 518-бабымен, 8 адамға 519-бабымен әкімшілік хаттама толтырылды. Көші-қон заңдылығын бұзғаны үшін 11 шетелдік ел аумағынан шығарылды. Екі шетелдікке қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 392-бабымен қылмыстық іс қозғалды», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда 2018 жылдан бері халықаралық іздеуде жүрген шетелдік ұсталғанын хабарлаған болатынбыз.
Атырау қалалық полиция басқармасы көші-қон қызметі бөлімінің қызметкерлері 2018 жылдан бері халықаралық іздеуде жүрген Өзбекстан Республикасының 1981 жылғы азаматын ұстады.
Шетелдік 2023 жылдың 3 маусымында Қазақстан шекарасынан өткен. Атырау қалалық көші-қон қызметі бөліміне жұмысқа орналасу үшін құжат тапсыруға келген.
Полиция қызметкерлері шетел азаматының жеке басын жан-жақты тексеру кезінде халықаралық іздеудегі күдікті екенін анықталды.
Өзбекстан Республикасының азаматына 2018 жылы Ресей Федерациясы Қылмыстық Кодексінің 322-бабының 1-бөлігімен халықаралық іздеу жарияланған.