Атырауға Ыстанбұлдан ұшып келген 20 жолаушы карантинге жатқызылды

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауға «Ыстанбұл-Атырау» әуе рейсімен ұшып келген 20 жолаушы карантинге жатқызылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырау облысының бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің орынбасары Гүлназ Ербатырованың мәліметінше, «Ыстанбұл-Атырау» халықаралық әуе рейсімен 115 жолаушы ұшып келген. Олардың арасында 95 жолаушының ПТР-тестінің теріс қорытындысы туралы анықтама болған. Ал қалған жолаушыларды карантинге жатқызу туралы шешім қабылданды.

«Түркиядан әуе рейсімен ұшып келген 20 жолаушыда коронавирус инфекциясына ПТР-тест анықтамасы болмады. Сол себептен, олар ПТР-тест қорытындысы шыққанға дейін карантинде болады. Қазір Атырауда карантиндік стационар үшін екі нысан дайындалды. Бұлар – «Шағала» қонақүйі мен Атырау сервистік колледжінің ғимараты», -деп хабарлады Гүлназ Ербатырова.

Оның айтуынша, ПТР-тест талдауын жасайтын зертханалар тәулік бойы жұмыс істейді.

Еске салайық, ҚР Бас мемлекеттік санитар дәрігерінің қаулысымен қазанның 5-інен 6-сына қараған түні әуежайлар халықаралық рейс жолаушыларын жаңа талаппен қабылдай бастады. Жолаушыларға сауалнама толтыру, термометриядан өту және ПТР-анықтаманы ұсыну міндеттелді.
Сондай-ақ бұған дейін Атыраудағы 200 орындық модульдік аурухана құрылысы туралы жазған едік.