Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері балық қорын сақтап қалу мәселесін пысықтады

None
АСТАНА. Наурыздың 3і-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері балық қорын қорғауға бағытталған «Бекіре-2010», «Уылдырық шашу-2010» кең ауқымды акцияларын ұйымдастыруға байланысты арнайы мәжіліс өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Онда министрлік өкілдері аталған акциялардың ұйымдастырылуына дайындыққа байланысты атқарылып жатқан істер мен қалыптасқан мәселелер төңірегінде сөз қозғады. Ауыл шаруашылығы министрлігінің Балық шаруашылығы комитетінің басқарма бастығы Бауыржан Жұмажановтың айтуынша, балықты заңсыз аулау әрекеттерінің балықтың уылдырық шашатын кезінде көбейе түсетіні белгілі. Ал бекіретұқымдас балықтардың уылдырығы өте қымбат бағаланады. Сондықтан бүгін бұл мәселеге барынша жіті көңіл бөлінген жөн. «Бұл ретте елде мемлекеттік органдардың өкілдерінен тұратын бірлескен топ құру қажет және олардың республиканың ірі бассейіндеріне шығу кестелерін бекіткен жөн. Бұған жылдағы қолданылатын тәжірибе ретінде қарамай, оны барынша жетілдіріп, әрі барынша ұйымдасқан түрде өткізу қажет», деді басқарма бастығы.

Оның сөзіне қарағанда, қазір еліміздің Жайық-Каспий, Арал-Сырдария, Зайсан-Ертіс, Балқаш-Алакөл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекцияларының жанынан бағалы балықтарды заңсыз аулаумен күреске бағытталған арнайы штаб құрылған. Акцияға елімізден 600-ден астам мемлекеттік балық инспекторлары мен 90-ға жуық жүзу және көлік құралдары қатысады деп күтілуде.