Ауыл тұрғындарының сынынан кейін жол сапасына тексеріс басталды

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысында тұрғындардың сынынан соң, жаңа жолдың сапасына тексеру жүргізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұған дейін Түркістан облысы Балтакөл ауылының тұрғындары әлеуметтік желіде жаңадан салынып жатқан жолдың сапасына сын айтып, мәселе етіп көтерген болатын.

Желідегі жазбадан соң мердігер жол құрылысын тоқтатуға мәжбүр болды. Нысанға Ұлттық сапа орталығы арнайы келіп, тексеру жүргізді. Нәтижесінде төселген тастың қалыңдығы 17 см болып шықты, сметалық құжатта ол – 6 см. Яғни 3 есеге жуық қалың төселген. Жылжымалы зертхана тас төсемнің талапқа сай екенін анықтады. Тек, тығыздығында кем-кетік бары белгілі болды.

«Мердігер асфальт жолдарын төсеуден бұрын тығыздығын нормаға жеткізеді. Біздің тексеріс анықтағандай, ол 90 пайызға жетіп тұр. Оны 100 пайызға жеткізгеннен кейін асфальт төсеуге рұқсат етілетінін ескерттік. Жұмыс толық аяқталған соң мамандар көшені тағы да тексеруден өткізетін болады», - деді «Жол активтері ұлттық сапа орталығының» бөлім басшысы Данияр Камалов.