Австралияда ауру кит жарып жіберілді

None
АСТАНА. Қыркүйектің 3-і. ҚазАқпарат - Австралиялық билік өкілдері осыдан екі апта бұрын Пертаның оңтүстік-шығысынан 400 шақырым жердегі Олбани қаласының жағасына шығып қалған ауру бүкір китті жарып жіберу туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Associated Press.

Ұзындығы 9,5 метр болатын кит жағаға шығып қалғанда, Австралияның табиғат қорғау ведомствосының өкілдері оны емдеп, қайтадан теңізге босатып жіберуге талпыныс жасады, бірақ одан түк шықпады. Осыдан кейін жануарды жарылғыш заттың көмегімен өлтіру туралы шешім қабылданды.

Айта кету керек, жағаға шығып қалған киттерге көмектесу мүмкін болмаған жағдайда, оны жарылғыш заттың көмегімен жарып жіберуге Кит аулау бойынша халықаралық комиссия рұқсат берген. Ұйым өкілдерінің айтуынша, жағаға шығып қалған китті атыс қаруымен өлтіру мақсатсыз әрі адамгершілікке жатпайтынын айта келе, осы секілді аса күрделі жағдайларда жарылғыш зат қолдануға кеңес береді.

Бүкір киттер - ірі теңіз жануарлары, олар кей уақыттарда 40-50 жасқа дейін өмір сүреді. Ересек киттің денесінің ұзындығы 14 метрге дейін жетуі мүмкін. Ересек бүкір киттің орташа салмағы шамамен 30 тонна болады. Бұл киттер балық, шаянтәрізділер мен былқылдақ денелілермен қоректенеді.