Австрияда өтетін жасөспірімдердің І Қысқы Олимпиада ойындарында ел намысын 36 спортшы қорғайды

None
  АЛМАТЫ. 6 қаңтар. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Қаңтардың 13-22 күндері Австрияның Инсбрук қаласында жасөспірімдер арасында І Қысқы Олимпиада ойындары өтеді.

Байрақты бәсекеге 60 мемлекеттен 14-18 жас аралығындағы бір мыңнан астам спортшы қатыспақ. Олимпиадалық 15 спорт түрі бойынша өтетін додада медальдардың 63 жиынтығы сарапқа салынады. ҚР Туризм және спорт министрлігі Спорт комитетінің Ұлттық штаттық командалар және спорт резерві дирекциясының баспасөз хатшысы Ардақ Тоғымовтың айтуынша, Қазақстан намысын 36 спортшы қорғайтын болады. Олар спорттың 10 түрі бойынша бәсекеге түседі.  

Еске салайық, 2010 жылы Сингапурде өткен жасөспірімдер арасындағы І Жазғы Олимпиада ойындарында спорттың 29 түрі бойынша 90 медаль сарапқа салынып, оған Қазақстаннан спорттың - жеңіл атлетика, жүзу, жағажай волейболы, суға секіру және оқ ату түрлерінен 34 спортшы қатысты. 45 елден келген 1,5 мың спортшының арасында болған бақталаста Қазақстан құрамасы 2 алтын, 2 күміс және 2 қола медаль олжалады.