Айналма жолға кіргенде көлік жүргізушілері қай жақ бұрылыс шамын жағуы тиіс

Фото: yk-news.kz

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Полиция көлік жүргізушілері айналма жолға кіргенде заң бойынша қай жақ бұрылыс шамын жаққаны дұрыс болатындығын түсіндіріп берді.

Өскеменде бір емес, бірнеше айналма жол бар. Соның ішіндегі Ертіс көпіріне түсіретін айналма жолда жол-көлік оқиғасы жиі болады.

Жүргізушілердің көбі осындай жолға түскенде қай жақ бұрылыс шамын жағу қажеттігін білмей, шатасып жатады. Бірі оң жақ, басқалары сол жақ бұрылыс шамын жағады. Яғни, бірізділік жоқ. Ал бұл жолдағы апатты жағдайлар санын арттыратындығы белгілі.

Осы ретте, Kazinform тілшісі ШҚО Полиция департаментіне сауалхат жіберіп, бұл сауалдың жауабын біліп көрді.

— Жол қозғалысы ережелеріне сәйкес, айналмалы қозғалыспен қиылысқа кірген кезде және шыққанда жүргізуші оң жақ бұрылыс шамын жағуы керек, — деп жауап берді департаменттің баспасөз қызметінен.

Демек, жүргізушілер айналма жолға кіргенде оң жақ бұрылыс шамын жағуы тиіс. Одан соң айналма жол ішінде жүргенде сол жақ шамды, айналма жолдан шыққанда қайтадан оң жақ шамды жағуы керек.

Еске салсақ, осыған дейін полицейлердің біреудің жекеменшік көлігін пайдалануға қақысы бар-жоқтығы туралы жазғанбыз.