Балық уылдырығын өндірумен айналысатын кәсіпорындарды мықтап тексеру қажет - ІІМ

None
АСТАНА. Наурыздың 3і-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - «Біз көктем мезгілінде жыл сайын балықты браконьерлік жолмен аулаумен күрес жүргіземіз. Ал бұл уақытта бізбен қатар осындай жолмен ауланған балықтардың уылдырығы сатылып жатады.

Ең бастысы, бұл өнімдердің маркасы, яғни сатуға деген рұқсаты жоқ. Бүгін де елде уылдырық өңдеумен айналысатын бірде-бір кәсіпорын арнайы рұқсат алған жоқ. Бұл мәселемен мүкін болса қаржы полициясы органдары мықтап айналысқандары жөн», деді бүгін Ішкі істер министрлігінің Әкімшілік полиция комитетінің лицензиялық рұқсат беру жұмысы басқармасы бастығының орынбасары Мақсат Байболов, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның сөзіне қарағанда, тексеру жұмыстарын қаржы полициясы органдары жүргізуі қажет. Себебі, Ішкі істер саласының шағын және орта кәсіпкерлікті тексеруге құқықы жоқ. «Біз бекіре тұқымдас балық саудасына, әсіресе оның уылдырығын саудалауға деген талаптарды күшейтуді бұрын да ұсынғанбыз. Бұл мәселені шешетін уақыт жетті. Сонымен қатар, тексеру жұмыстарының заңдылығын қамтамасыз етуге прокуратура органдарының да араласқандары жөн болар еді. Меніңше, біз осы сияқты мәселелерді биыл жүргізілетін заңсыз балық аулаумен күрес шараларының барысында шешпесек, проблемалар алдағы уақытта да жалғаса береді», деді басқарма бастығының орынбасары.

Сондай-ақ, оның айтуынша, балықтардың уылдырық шашатын уақытында су көліктерінің суға шығу мерзіміне де байланысты проблемалар бар. «Осыған қарай, бүгін кемелердің жүзу ретін қалайша реттейміз деген мәселе туып отырғаны рас. Себебі Орал мен Каспий аймағында бұл ең өзекті мәселелердің бірі. Яғни, балықтар уылдырық шашып жатқанда кемелер де лек-легімен жүзіп жүреді. Осы ретте айта кететін мәселе, бізге нақты бір шешімге келу қажет. Біз уылдырық шашылатын уақытта көліктердің жүзуін мүлдем тоқтатамыз немесе олардың белгілі бір аймақтарда жүзулеріне тыйым саламыз. Бұл қоршаған ортаны қорғау саласына да қатысты мәселе», деді М.Байболов.