Бас прокуратура А. Жағанованың «Руханият» партиясына қатысты шағымында келтірген фактілерді растады

None
АСТАНА. 29 желтоқсан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Бас прокуратурасында өткен баспасөз мәслихатында Бас прокурор орынбасары Андрей Кравченко «Руханият» партиясына қатысты А. Жағанованың шағымы тексерілгенін және онда келтірген фактілердің расталғанын мәлімдеді.

Өз сөзінде А. Кравченко ҚР Бас прокуратура А. Жағанованың «Руханият» партиясының партиялық тізімін ұсыну және тіркеу тәртібіндегі заң бұзушылықтар туралы шағымын қарағанын мәлімдеді. Шағым бойынша 2011 жылдың 30 қарашасында партияның 8-і кезектен тыс съезін өткізу барысында «Саяси партиялар туралы» заңы мен партия Жарғысында қарастырылған съез өткізу мен шақыру тәртібінің сақталмағаны көрсетілген болатын. Ал аталған кезектен тыс съезде ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттығына кандидаттар тізімі бекітіліп, бұл тізім ОСК-нің 14 желтоқсан 2011 жылғы №72/133 қаулысымен тіркелген. Шағым бойынша тексеріс жүргізген Бас прокуратура оның нәтижесінде арыз бойынша келтірілген фактілерді растаған.

«Атап айтқанда 25 қарашадағы партияның республикалық комитеті отырысының хаттамасына сәйкес, онда бірқатар мәселелер қаралғаны, оның ішінде кезектен тыс съезд шақырту қозғалғаны анықталған еді. Ал ол хаттамада отырысқа қатысқан 19 адамның аты-жөні көрсетілген. Алайда тексеріс барысында отырысқа қатысушы 2 адамның партияның республикалық комитетінің мүшесі емес екендігі анықталды. Тағы 3 адам өздерінің бұл отырысқа қатысқанын жазбаша түрде теріске шығарды. Осылайша, партияның республикалық комитетінің отырысына шешім қабылдауға құқықтық қабілеттілердің қажетті мүшелер саны (кворум) қалыптаспаған. Бұдан бөлек, «Саяси партиялар туралы» заң талабы да өрескел бұзылып отыр. Көптеген өңірлерде кезектен тыс съезге қатысты делегаттарды сайлау жөніндегі партиялық конференциялар өтпеген. Яғни, кезектен тыс съезге делегаттар жолданбаған. Бұдан бөлек, мәселен 29 қарашада Оңтүстік Қазақстан облыстық партия филиалындағы жиынға партияның 26 мүшесі қатысты деп хаттама толтырылыпты. Ал осы хаттамада көрсетілген 26 адамның 13-і бұндай отырыстың өтпегенін айтып, оған өздерінің қатысқандықтарын теріске шығарып қана қоймай, тіпті «Руханият» партиясына мүше емес екендіктерін де мәлімдеген. Олардың 5-еуі «Әділет» партиясының мүшесі болып шықты», - дейді Андрей Кравченко.

Оның айтуынша, келтірілген фактілер «Руханият» партиясының депутаттыққа кандидат ұсыну бойынша заң талаптарын бұзғандықтарын көрсетеді. Ал Бас прокуратураның осы мәселеге қатысты жолдаған хатын қарау нәтижесінде Орталық сайлау комиссиясы 2011 жылғы 28 желтоқсанда №77/143 қаулысымен «Руханият» партиясының партиялық тізімін тіркеу туралы шешімінің күшін жойған болатын.