Батыс Қазақстанда 57,2 млрд. теңгенің бөлшек тауары сатылды
13:12, 10 Қыркүйек 2010
ОРАЛ. Қыркүйектің 10-ы. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Батыс Қазақстан облысында биылғы сегіз айда 57,2 млрд. теңгенің бөлшек тауары сатылды, бұл өткен жылғыдан 20,3 пайызға артық, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық статистика департаментінен түскен мәліметке сілтеме жасап.
Барлық бөлшек тауар көлемі мемлекеттік емес саланың үлесіне тиеді. Жеке кәсіпорындар 56,5 млрд. теңгенің (98,7 пайыз) тауар айналымын жасаса, өзге мемлекеттер меншігіндегі заңды тұлғалар мен азаматтар үлесінде - 0,7 млрд. теңге (1,3 пайыз). Ірі және орта кәсіпорындар - 12,5 млрд. теңге (21,9 пайыз), шағын ұйымдар - 9,7 млрд. теңге (16,8 пайыз), жеке кәсіпкерлер - 21,9 млрд. теңге (38,4 пайыз), базарлар 13,1 млрд. теңгенің (22,9 пайыз) тауарын өткізді.
Барлық бөлшек тауар айналымының 61,3 пайызы (35,0 млрд. теңге) - базарлар мен жеке кәсіпкерлер, 38,7 пайызы (22,2 млрд. теңге) сауда кәсіпорындарының еншісінде. Тауардың 75,2 пайызы Оралда, 8 пайызы Бөрлі ауданында өткізілген.