Батыс Қазақстанда екі адам есірткімен ұсталды

None
ОРАЛ. Наурыздың 2-сі. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Батыс Қазақстан облысында өткен аптада екі адам есірткімен ұсталды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ішкі істер департаментінен түскен мәліметке сілтеме жасап.

Шыңғырлау ауылында аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлері мерзімінен бұрын босатылған 37 жасар И-ді тексергенде, оның күртесінің қалтасынан сараптама қорытындысына сәйкес 73,69 грамм кептірілген марихуана шыққан. Сондай-ақ Орал қаласындағы Щорс көшесі бойында, «Талап» АҚ жанында 1974 жылғы С. деген азамат қолға түсіп, одан 1,26 грамм героин тәркіленді.

Сондай-ақ басқа да заңбұзушылықтар тіркелді. Айталық, «Көшім» бекетінде жол полициясы қызметкерлері тоқтатқан, 1984 жылғы Ф. айдап келе жатқан «Фольксваген Гольф-3» автокөлігінен тиісті рұқсат қағазы жоқ 580 килә қара балық шықса, Бөрлі ауданы Приурал ауылы маңында учаскелік инспекторлар аңшы мылтығымен елікті атып алған 37 жасар С-ні ұстады. Сол секілді Орал қаласында «Опель-Вектра» автокөлігін айдап кеткен 19 жасар Я. мен П., 17 жасар Р. алысқа ұзамаса, қызға шабуыл жасап, құжаты, ақшасы мен жеке заттары бар сөмкесін тартып алып кеткен 31 жасар Т. мен 24 жасар А. да алысқа ұзамады.