Батыс Қазақстанда қоғамдық маңызы зор шаралар кеңінен аталып өтілмек

None
ОРАЛ. Сәуірдің 2-сі. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Батыс Қазақстанда биыл қоғамдық маңызы зор шаралар кеңінен аталып өтілмек. Оның ішінде Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 15 жыл толуы мен сол атаулы күнге орай өткізілетін облыстық ХІ достық фестивалі бар. Сондай-ақ тамыз айында Қазақстан Конституциясының 15 жылдығы кеңінен тойланбақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оралда Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы төрағасының орынбасары Қуанышбай Төлебаевтың басшылығымен аталған шараларды өткізуге арналған семинар-кеңес болып өтті. Оны Қ.Төлебаев ашып, қысқаша сөз сөйледі. Ассамблея мүшелері достық фестивалін ұйымдастыру комитеті құрамы және өткізу ережесімен танысып, құжаттарды бірауыздан бекітті. Елбасымыз, Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Н.Назарбаевтың стратегиялық мақсаттағы идеялар жөніндегі арнайы әдістемелік материалдарымен де танысып шықты.

Семинар-кеңесте орыс ұлттық-мәдени орталығының төрағасы Сергей Погодин, «Нұр Отан» ХДП облыстық бөлімшесі төрағасының орынбасары Абат Шыныбеков, «БҚО жастар қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің әлеуметтік жұмыс жөніндегі маманы Ранида Әшенова, «Яик» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің жетекшісі Александр Ялфимов және басқалары сөйлеп, талқыланған мәселелер бойынша ой-пікірлерін білдірді, ұсыныстарын айтты.