Батыс Қазақстанда медицина қызметінің сапасын арттыру мақсатында қоғамдық кеңес құрылды

None
ОРАЛ. Ақпанның 26-сы. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Ақпанның 26-сында "Нұр Отан" ХДП облыстық филиалында Орал қаласындағы емханаларда халыққа сапалы қызмет көрсету мәселелері және партиялық бақылау бекеттерінің атқарған жұмыстары бойынша дөңгелек үстел отырысы өткізілді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Нұр Отан» ХДП қалалық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Қазбек Едгиннің айтуынша, қала емханалары тәулігіне 750 адамды қабылдауға тиіс болса, бұл көрсеткіш 1020 адамға жетіп отыр. Маман жетіспеушілігіне байланысты дәрігерлерге үлкен салмақ түсуде, олардың көбі бір жарым жалақыда қызмет істеуде. Мысалы соңғы кезде жүрек-қан тамырлары аурулары көбейіп отыр, ал №1 қалалық емханада бір-ақ кардиолог бар. Бұл қаладағы барлық емханаларға тән жағдай. Жалпы дәрігер бір жұмыс күнінде 16 адамды қабылдап, әрқайсысына 20 минут уақыт бөлу керек, ал шындығында олар 30 адамды қабылдап отыр. Бұл медициналық қызметтің сапасына, науқастың ғана емес, дәрігердің де шаршап-шалдығуына әкелуде.

Бұдан әрі штаттық кесте бойынша №2 емханада 73 дәрігердің орнына 51, №3 емханада 114-тің орнына 78, №4 емханада 127-нің орнына 72 дәрігердің жұмыс істеп жүргені, жаңа жүйеге байланысты науқастың өзі қалаған дәрігерінен ем-дом алуы жолында кездесіп отырған кедергілер сөз болды.

Отырыста халыққа медициналық көмек көрсетудің сапасын көтеру мақсатында "Нұр Отан" ХДП облыстық филиалы жанынан қоғамдық кеңес құрылып, оның төрағалығына облыстық мәслихат депутаты, Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінің ректоры Ақсерік Әйтімов сайланды.