Батыс Қазақстанда Ресей және Беларус мемлекеттерінің үлесі бар 250-ден астам бірлескен кәсіпорын жұмыс жасайды

None
nbsp;ОРАЛ. Ақпанның 24-і. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Батыс Қазақстан облысында Ресей және Беларус мемлекеттерінің үлесі бар 250-ден астам бірлескен кәсіпорын жұмыс жасайды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының мәліметі бойынша, өткен жылы БҚО-ның жалпы сыртқы сауда айналымы 1 млрд. 826,6 млн. АҚШ долларын құраған. Оның басым бөлігі немесе 1,4 млрд. доллар қаражат импорттың үлесінде, ал 822,6 млн. доллар экспортқа тиесілі. Ресеймен арадағы жалпы сыртқы сауда айналымы - 694,3 млн доллар. Соның ішінде экспорт - 366,8, ал импорт 327,5 долларды құраған. Облыс аумағына Ресейден мұнай өнімдерінен бастап, жанар-жағармай, қара металдан жасалған құбырлар, сорғылар, құрылыс материалдары, автокөлік және қосалқы бөлшектер, жићаз, ыдыс-аяқ, дәрі-дәрмек, қағаз өнімдері, киім-кешек пен азық-түліктің сан алуан түрі жеткізіледі. Ал БҚО-дан негізінен мұнай және газ, қара металдан жасалған құбырлар, жићаз және қалдықтар жөнелтіледі. Ал Беларус мемлекетімен арадағы жалпы сыртқы сауда айналымы - 14,3 млн. доллар төңірегінде. Соның 14,1 млн. доллары импорт: кондитер өнімдері, қант, дәрі-дәрмек, тұрмыстық техника, жићаз, көлік, трактор, құбырлар мен сорғылар, киім-кешек пен аяқ-киім. Экспорт бар болғаны - 116, 1 мың доллар.

Облыстық салық департаментінің бастығы Қайрат Жұлмұхамбетовтің пікірінше, БҚО аумағында ресейлік және беларустықтармен бәсекелесе алатын кәсіпорындар бар. Қазіргі кезде өңірде өнеркәсіп, құрылыс, инфрақұрылым, индустриялық-инновациялық салада 247 млрд. теңгеге 49 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Бұлардың өнімдері болашақта экспортқа бағытталмақ.