Батысқазақстандық полицейлер бірнеше қарақшы мен ұрыны қолға түсірді
Облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен хабарлағанындай, 5 қаңтарға қараған түні Қаратөбе ауданы Ханкөл ауылы тұрғынының қорасынан 5 қой ұрланған. Жедел іздестіру шаралары нәтижесінде 26 жастағы ауыл тұрғыны ұсталды.
Осы күні Орал қаласында «Юбилейный» аялдамасында белгісіз біреу 40 жастағы әйелдің тонының қалтасынан «Самсунг Е-100» ұялы телефонын қымқырып кеткен. Жәбірленуші қалтаға түскен Ақжайық ауданының 26 жастағы тұрғынын суретінен таныды. Ұры қолға түсіп, одан ұялы телефон қайтарылды.
6 қаңтар күні түнде 58 жастағы әйел қонақтан қайтып келе жатқан мезгілде өз үйінің кіреберісінде ақшасы, пәтер кілті салынған сөмкесінен айрылып, тоналды. Қылмыстың ізі суымай, Теректі ауданының 25 жасар тұрғыны ұсталды.
9 қаңтарға қараған түні №13 орта мектеп жанында белгісіз екеу 53 жастағы ер адамның ұялы телефонын тартып алып кеткен. Жол полициясы батальоны мен «Үкі-10» түнгі күзет тобының қызметкерлері 35 жастағы З. мен 47 жастағы К. деген қарақшылардың адымын аштырмады.