Батысқазақстандық тоғызқұмалақшылар мен дойбышылар ел біріншілігінен табысты оралды

None
ОРАЛ. Сәуірдің 8-і. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Кентау қаласында жасөспірімдер арасында тоғызқұмалақтан және Шымкентте жастар арасында дойбыдан өткізілген ел біріншілігінен батысқазақстандықтар табысты оралды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тоғызқұмалақтан облыс құрамасының аға бапкері Дәулет Әбдікәрімовтің айтуынша, швейцарлық жүйемен өткізілген сайыс қорытындысында Бөрлі ауданынан барған Әйгерім Лесқалиева 14 жастағылар арасында алтын медальды жеңіп алды. Тоғызқұмалақтың блиц түрінен Орал қаласындағы №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірті Амангелді Данияр күміс жүлдені еншіледі. Осы спорт мектебі тәрбиеленушілерінен құралған жас дойбышылар жетістігі бұдан да жоғары болды. Ел біріншілігінде Данияр Жұмагелдиевтің шәкірттері жалпыкомандалық есепте жеңімпаз атанды. Жас ерекшеліктеріне және дойбы түрлеріне қарай сынға түскен Виктор Зайцев, Альфия Қадырова, Алтынай Жұмагелдиева, Алмаз Сәудақасов, Әлия Камалова, Кристина Литвиненко, Айна Қабдрахимова, Лиза Бапиевалар алтыннан алқа тақты.