«Байқоңыр» айлағында Қазақстанның 85 азаматы қылмыс жасап, олардың бәрі Ресей заңымен сотталған
Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде «Байқоңыр» кешенін тиімді пайдалану жөніндегі ынтымақтастықты дамыту туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын талқылау барысында ҚР Әділет министрлігі Халықаралық департаментінің директоры Эльвира Әзімова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазақстан мен Ресей арасындағы «Байқоңыр» кешенін пайдалануға қатысты туындаған мәселелерге орай 2008 жылы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттамаға қол қойылған болатын. Ал қазіргі қолданыстағы жалға алу келісіміне сәйкес «Байқоңыр» айлағында қызмет ететін персоналға және оның отбасына Ресейдің заңы, басқа жағдайларда Қазақстанның заңы қолданылады. Дегенмен, бұл ретте құқық қорғау органдары арасында заңды қолдануға қатысты жекелеген келісім жасалуы қажеттігі туралы айтылады. Алайда, күні бүгінге дейін бұндай келісім жасалған жоқ. Осы уақытқа дейін «Байқоңыр» ғарыш айлағына қарасты аумақта қазақстандық азаматтармен 85 қылмыс жасалды. Бұлардың барлығы Ресейдің заңнамалары бойынша жауапқа тартылған. Осыған орай, 2008 жылы жалға алу келісіміне өзгеріс енгізу туралы хаттамаға қол қойылып, онда Қазақстан азаматтарына қатысты, «оларға ғарыш айлағында жұмыс істеу, істемеуіне қарамастан Қазақстан заңы қолданылады және бұнда Қазақстан құқық қорғау органдары өз қызметін жүзеге асырады» деп көрсетілген. Яғни, айлақта егер РФ құқық қорғаушылары тарапынан қылмысқа қатысты ұсталған болса да ел азаматтары жедел қайтарылуы тиіс. Дегенмен, бұл құжат заңды күшіне енуі үшін парламентпен ратификациялануы тиіс», деді Э. Әзімова.
Оның айтуынша, аталған хаттаманы ратификациялау туралы заң жобасы Үкімет қоржынында жатыр. Жақын аралықта бұл заң жобасы Парламент Мәжілісіне беріледі.
Дегенмен де, депутаттар ерекше мәртебесі бар айлаққа, ондағы Қазақстан азаматтарына қатысты осынша маңызды жобаның әлі күнге Үкіметте жатқанына алаңдаушылық білдірді. «Мемлекетаралық келісім жасалған 1994 жылдан бері 16 жыл өтті. Сол жылдары Мемлекет басшысы тиісті үкіметаралық келісімдерді жасауға да тапсырма жүктеген болатын. Содан бері 16 жыл бойы Байқоңырдағы Қазақстан азаматтарының құқығы бұзылып келеді. Ендігі күні Үкімет бұндай мәселеге селқос қарауын қоюы шарт», деді депутат Сәт Тоқпақбаев.