«Байқоңыр» ғарыш айлағының барлық нысандары мен қаланы қоса алғандағы құны 467 млрд. теңгені құрайды
Бухгалтерлік және қаржылық есепке алуды жүргізу мақсатында, «Байқоңыр» кешенінің мүлкі туралы толық және нақты ақпаратпен мүдделі тұлғаларды қамтамасыз ету үшін, 2011 жылы Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігімен «Байқоңыр» ғарыш айлағының сынақтық, технологиялық, өндірістік-техникалық және әлеуметтік нысандары мен жылжитын және жылжымайтын мүлкі бар Байқоңыр қаласын қосқанда Кешеннің мүлкін бағалау аяқталды.
Кешеннің бағалау құны 467 млрд.теңгені құрады, оның ішінде: 299 млрд. теңге сомаға 4008 ғимарат мен құрылыс, 115 млрд. теңге сомаға 3682 технологиялық жүйе мен жабдықтар, 53 млрд.теңгеге инженерлік жүйелер, автомобиль жолдары мен темір жолдар бағаланды.
Сонымен қатар, әділет органдарында (Қазақстан Республикасының меншік құқығын ресімдеу) Кешеннің жылжымайтын нысандарына мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыру мақсатында, Қазақстан Республикасының Әділет Министрлігімен, «Қызылорда облысы бойынша жылжымайтын мүлік орталығы» РМҚК тарапынан 2009-2011 жылдары жылжымайтын мүлік нысандарына мемлекеттік техникалық тексеру және техникалық төлқұжаттарын әзірлеу бойынша үлкен жұмыс атқарылды.
Нәтижесінде техникалық төлқұжаттар: 3406 мың шаршы метр алаң 4008 ғимарат пен құрылысқа, 3967 шақырым инженерлік жүйелер, автомобиль жолдары мен темір жолдарға әзірленді.
Қазақстан Республикасының Үкіметі және Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы 1994 жылы 10 желтоқсандағы «Байқоңыр» кешенін жалға беру шартына сәйкес, «Байқоңыр» кешені Ресейге жалға берілді.