БЭК интеграцияның мейлінше жо­ға­ры сатысы - Еуразиялық экономи­ка­лық одаққа өту үшін берік негіз қа­лайды

None
АСТАНА. 4 қаңтар. ҚазАқпарат -  2012 жылдың 1 қаң­тарынан бастап еуразиялық интеграция бағытындағы жаңа жоба - Біртұтас экономикалық кеңістік жүзеге аса бастайды. Біртұтас экономикалық кеңістік - бір кездері Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бастама етіп жариялаған Еуразиялық Одақтың бастапқы негізі.

Еске салсақ, КСРО ыдырағаннан кейін құрылған мемлекеттердің жақындасу үдерісіне бастама ретінде Президент Н. Назарбаев 1994 жылдың наурызында М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік уни­вер­си­тетінің академиялық аудитория­сын­да ТМД кеңістігінде сапалық жаңа интеграциялық бірлестік - Мемлекеттердің Еуразиялық Одағын құруды тұңғыш рет ұсынған болатын. Елбасы бұл идеяны ТМД құрылғаннан соң-ақ пайда болған көп қырлы ин­те­гра­циялық үдерісті тығырықтан шы­ға­ру жөніндегі берік шешіммен бүкіл Достастықтың интеллектуалдық элита­сы­на тікелей ұсыныс ретінде жасаған еді.

Осы идеядан бергі 17 жылдық кезеңде көп жағдай өзгерді. Халықаралық сарапшылар, әлемдік экономиканың майталмандары арасында «еуразиялық интеграция» деген  атау дағдыға енді. Ал интеграцияның мейлінше жоғары сатысы Еуразиялық Одаққа апаратын Біртұтас экономикалық кеңістікті қалыптастыру үшін алдымен еркін сауда аймағына ұмтылыстар сәтті еңсерілді. Алдымен Еуразиялық экономикалық қауымдастық құрылды. 2000 жылы Беларусь, Қазақстан, Қыр­ғыз­стан, Ресей және Тәжікстан арасында құрылған еуразиялық интеграция - Еуразиялық эко­номикалық қауымдастық өз әлеуетін атқарды. Соның жұмысы аясында интеграцияның келесі сатысына саналатын - 2006 жылы 16 тамызда Сочи қаласында ЕурАзЭҚ Мемлекетаралық кеңесі Еуразия­лық экономикалық қоғамдастыққа мүше мем­лекеттердің Кеден одағын құру туралы шешім қабылданды. Яғни, ЕурАзЭҚ-тан қисынды түрде Қазақстанның, Беларусьтің және Ресейдің арасындағы Кеден одағы өріс алды.

Сөйтіп, 2010 жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстан, Ресей мен Беларусь арасында Кеден одағының Кеден кодексі күшіне кірді. Осы арқылы үш елдің арасындағы Кеден одағының сыртқы саясат, техникалық реттеу, санитарлық және фитосанитарлық шараларды, кедендік әкімшілік шараларын, салық салу негіздерін және тағы басқа салаларды ретке келтіретін шарттық-құқықтық базасы қалып­тас­тырылды. Жалпы алғанда Кеден одағын сарапшылар «ТМД аясында қалыптасқан экономикалық бірлестіктер мен интеграциялық үрдістердің ең дамыған түрі» деп атады.  Бұндай пікірдің айтылуының өзіндік себебі бар. 170 млн. адам тұратын нарықты қамтитын Кеден одағының  келешегі бар құрылым екендігіне қысқа мерзімде-ақ көпшіліктің көзі жете түскендей. Аз  уақыт ішінде үш елдің біртұтас Кеден кодексі әзірленіп қабылданды, ұлтүстілік орган - Кеден одағы комиссиясы құрылды. Біртұтас кеден аумағынан тыс елдермен саудада бірегей тарифтер қол­дану үшін 11 мыңнан астам тауар позициялары келісілді. Кеден одағын құрудағы макроэкономикалық тиімділік былтырдың өзінде-ақ межесінен көрінді. Мәселен, тек 2011 жылдың бірінші жарты­жыл­дығында ғана үш ел арасындағы жалпы тауар айналымы үштен бірге өскен. Жыл қорытындысында бұл шамамен 100 мил­лиард доллар деңгейіне жетеді деп болжанған болатын, осындай меженің өзі 2010 жылғы көр­сеткіштен 13 пайыз көп болмақ. Сөйтіп, іргесі сәтті қаланған ықпалдастық негізіндегі Кедендік одақ аясында былтырғы жыл бойы Біртұтас экономикалық кеңістікке қадам жасайтын шаралар қамтылды. БЭК құру жолындағы жұмыстар жоспары былтыр толығымен іске асты. Күнтізбелік жоспарға сәйкес, биыл оның 25 құжатына, соның ішінде 8 халықаралық келісімге және 17 басқа құжаттарға қол қою белгіленген болатын. Соның 6-ын Қазақстан, 6-ын Беларусь және 5-ін Ресей жағы әзірледі. Бұлар БЭК-тің келісімдік-құқықтық арқауының негізін қалаған құжаттар болды.

Атап айтқанда, 2011 жылдың 18 қазанында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына ене­тін Қазақстан, Армения, Беларусь, Қыр­ғызстан, Молдова, Ресей, Тәжік­стан, Украина секілді сегіз мемлекет ТМД шеңберінде еркін сауда аймағын құру туралы келісімге қол қойды. Ал 19 қазанда Қырғызстанның Кеден одағына енетіндігі жарияланды. Көптеген сарапшылар мұны жаңа интеграциялық құ­ры­лымға қадам немесе бұрыннан бар бір­лестікке жаңа мүшелер енуінің басы деп бағалады. Ал 18 қарашада Мәскеуде Кеден одағын құрған Қазақстан, Ресей және Беларусь мемлекеттерінің басшы­ла­ры интеграциялық құрылымды одан әрі тереңдете түсу мақсатында, Еуразиялық эконо­ми­калық комиссия туралы келісімге келіп, осы комиссия жұмысының регламентін бекітті. Сонымен қатар, Еуразия­лық экономикалық интеграция туралы декларация қабылданды. Онда 2012 жылдың 1 қаңтарынан бастап интегра­циялық құрылым келесі кезеңге, яғни Бүкіләлемдік сауда ұйымының нормалары мен қағидаттарының негізінде жұ­мыс істейтін Біртұтас экономикалық кеңістікке (БЭК) өтетіндігі жарияланды. Және бұл құрылым өзінің қатарына басқалардың енуіне ашық екендігі ай­тылды. Ал құрылымның түпкі мақсаты 2015 жылға қарай Еуразиялық экономикалық одақ құру болып табылады.

Жаңа жылдың бірінші күнінен бастап іске кіріскен БЭК шеңберінде өзара интеграцияны тереңдету мақсатын көздеген тағы бір ұлтүстілік орган - Еуразиялық экономикалық комиссиясы құрылды. Комиссия төралқасының төрағасы болып Виктор Христенко тағайындалса, Қазақстан жағынан төралқа мүшесі болып Даниал Ахметов тағайындалғаны белгілі.

Айта кетерлігі Біртұтас экономикалық кеңістік жұмысының негізгі қағида­лары - тауарлар мен қызметтердің, адам ресурстары мен қаржы капиталының қатысушы мемлекеттер аумағы шеңбе­рін­де ешқандай кедергісіз, еркін ай­на­луын қамтамасыз ету. Соның ішінде кеден тарифтерін біріздендіру, тарифтік емес реттеулер бойынша келісім жасау, ықпал ету тәсілдері бар.

Сөйтіп, бір сөзбен айтқанда Президент Нұрсұлтан На­зарбаевтың еуразиялық интеграция туралы идеясы сатылап тереңдеп келеді. 1994 көтерілген осы ықпалдасу идеясы әуелі 2001 жылы құрылған ЕурАзЭҚ түрінде көрі­ніс берсе, 2010 жылы оның шеңберінде Кеден одағы құрылды. Енді, 2012 жыл­дың бірінші күнінен Біртұтас экономи­ка­лық кеңістік өз жұмысына кірісті.

Сарапшы мамандар Біртұтас экономикалық кеңістіктің артықшылықтары туралы айтқанда, бұндай кеңістіктің құрылуы ұлттық іскер топтар субъектілері үшін ғана емес, қарапайым адамдар үшін де тиімді екендігін алға тартады. Мәселен, кәсіпкерлер үшін БЭК-ке мүше мемлекет­тердің инфрақұрылымына қол жеткізуге бірдей мүмкіндік туады. Азаматтар жұмысқа орналасуда, барыс-келісте жеңілдіктерге ие болып, кеңістік шеңберінде білім беру саласында бірыңғай стандартқа көшу, мәдениет сала­сындағы байланыстарды дамыту жоспарланған.  

БЭК-тің іске кірісуімен бірге Кеден одағы комис­сия­сының орнына келген жаңа ұлтүсті орган - Еуразиялық экономикалық комиссиясының жұмысына күдікпен қарайтындар баршылық екендігі белгілі. Алайда, ондай алаң­даушылыққа ешқандай негіз жоқ. Себебі, Беларусь, Қазақстан және Ресей арасындағы жаңа интеграциялық жоба тек қана экономикалық сипатқа ие. Ол ешқандай да еге­мен­ді­кке нұқсан болып саналмайды. Сонымен қатар, Еуразиялық экономикалық комиссия­ның шешімдері тең құқықты жағдайда, консенсус болған кезде ғана қабылданады. Сондай-ақ, Қазақстан халықаралық құ­қық­тың субъектісі болып табылады. Ал Біртұтас экономикалық кеңістіктің, одан кейінгі Экономикалық Одақтың құрылуы Қазақстанды үшінші елдер мен мемлекетаралық бірлес­тік­тер алдындағы халықаралық міндетте­рімізді орындаудан босатпайды.

Бұл турасында Президент Нұрсұлтан Назарбаев: «Еуразиялық Одақты мен әу бастан-ақ мемлекеттердің тең­дік, бір-бірінің ішкі ісіне араласпау­шылық, егемендік пен мемлекеттік ше­каралардың қол сұғылмастығын құр­мет­теу қағидаттары негізіндегі бірлестік ретінде көрдім. Мен Еуразиялық Одақ­тың әрбір мүше елдің мүдделерін ескеретін, нақты да шынайы өкілеттіктерге ие, консенсус негізінде іс-қимылдар жасайтын ұлтүстілік органын құруды ұсындым. Бірақ бұл саяси егемендікті беру дегенді тіптен де қарастырмайды. Бұл аксиома. Негізіне интеграция бойынша әріптестердің теңдігі алын­ған Еуразиялық Одақ құрудың табыс­ты тәжірибесі дәл осындай болатын», - деген еді.

Жалпы алғанда сарапшылардың саралы болжамдарына сүйенсек, 2012 жылдың 1 қаңтарынан Бір­тұ­тас экономикалық кеңістік құрудың практикалық кезеңі басталады. Бірте-бірте үш елдің экономикалық саясатын үйлестірудің тетіктері, қыз­мет­тердің, капиталдар мен еңбек ре­сурстарының, біріздендірілген заңна­ма­лардың трансшекаралық еркін қоз­ға­лысын қамтамасыз ету шындыққа ай­на­ла­ды. Бизнестің ұлттық субъек­ті­лері БЭК-ке қатысушы әрбір мемле­кет­тің инфрақұрылымдарына теңдей қол жеткізу мүмкіндігін иеленетін болады. Бола­шақта біртұтас көліктік, энерге­ти­ка­лық және ақпараттық жүйе қалыптасады.

«БЭК интеграцияның мейлінше жо­ға­ры сатысы - Еуразиялық экономика­лық одаққа өту үшін берік негіз қа­лайды. Бұл қуатты бірлестік болады. Үш мемлекеттің жиынтық ІЖӨ-сі шамамен 2 триллион долларды құраса, өн­ді­рістік әлеуеті 600 миллиард долларға, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемі - шамамен 112 миллиард дол­ларға, ал жалпы тұтыну рыногы 165 миллион адамға бағаланып отыр.Кеден одағының біртіндеп Біртұтас экономикалық кеңістікке, ал уақыт өте келе, оған менің сенімім мол, Еур­азия­лық экономикалық одаққа ауысуы біз­дің халықтарымыздың өркендеуі үшін қуатты ынталандырушы күшке айна­лып, біздің елдерімізді кең ауқымды әлемдегі жетекші позицияларға алып шығады», - деген болатын бұл жайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. Сондықтан да әрқашанда ерікті интеграцияны жақтаушы болып жүрген Президенттің кезекті ықпалдастық идеясы сәтті жүзеге асып, елді өркендетудің даңғылына айналса игі!