Беларус елінде Кеден одағының келісімшарттық-құқықтық базасын жасау үшін барлық шаралар қабылданды
Бұл туралы Беларус Республикасы Ұлттық Жиналысының Экономика, бюджет және қаржы жөніндегі кеңесінің Тұрақты комиссия төрағасы Вадим Попов сейсенбі күні Мәскеуде ресейлік парламенттің жоғары палатасында «Кеден одағы: құқықтық қамтамасыз ету және даму жолдары» деген тақырыпта өткен «дөңгелек үстел» отырысында мәлім етті, деп хабарлады БЕЛТА агенттігі.
Вадим Попов, Беларус елінде Кеден Одағының Кедендік кодексі туралы келісімшартты ратификациялаудың алғышарты болып табылатын барлық дерлік мемлекеттік процедуралардың жүзеге асырылғанын атап көрсетті. Оның айтуынша, қазірдің өзінде 23 халықаралық келісім күшіне енді, 17 келісімге қатысты мемлекетішілік процедуралар атқарылуда, тағы 11 құжат үкіметтің қарауына енгізілді.
«Беларус Республикасы Кеден одағының нормативтік құқықтық базасын жасауды тежеп отыр деуші бұқаралық ақпарат құралдарына осындай жауап бергім келеді. Олардың жазып жүргендері шындыққа сай келмейді», деп атап көрсетті Вадим Попов өз сөзінде.