Берлин мен Лондон қорғаныс және миграция саласында келісімге келді

Фото: oxu.az

АСТАНА. KAZINFORM – Германия канцлері Фридрих Мерц алғашқы ресми сапарымен Лондонға келді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер мен Фридрих Мерц Ұлыбританияның ЕО-дан шыққаннан кейін екі ел арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған 27 беттен тұратын келісімге қол қойды.

Келісімнің бірқатар бөлімінде АҚШ-тың НАТО-ға деген көзқарасының өзгеруі аясында Ұлыбритания мен Германия арасындағы ынтымақтастықты тереңдету қажеттілігі атап өтілген.

Кир Стармер Ұлыбритания мен Германия заңсыз миграцияға қарсы күреске байыппен қарайтынын мәлімдеп, адамдарды заңсыз жолмен өткізумен айналысатын топтарға қарсы күрес және шағын қайықтарды ұстау бойынша Мерцтің уәделерін құптады.

Келісімде сондай-ақ қауіпсіздік пен қорғаныс, екіжақты сауда және ғылыми зерттеулер саласындағы ынтымақтастыққа қатысты бірқатар өзге міндеттеме де қамтылған.

Келесі айдан бастап Ұлыбританияның кейбір паспорт иелері Германиядағы электронды шекаралық бақылау жүйесін (e-gates) пайдалана алады. Ал алдағы онжылдықта мектеп оқушыларының сапарлары мен теміржол қатынасына байланысты бірқатар жаңа ережелер күшіне енеді.

Құжатқа Ұлыбритания мен Германия арасындағы тарихи байланыстарды айқындай түсу үшін арнайы таңдалған Лондондағы Виктория және Альберт мұражайында қол қойылды.

Айта кетейік, Германия алты айлық әскери қызметті енгізуді жоспарлап отыр