«Бейбіт миссия-2010»: жаттығудың басталуына екі апта уақыт қалды

None
АСТАНА. Тамыздың 27-сі. ҚазАқпарат - Үстіміздегі жылғы қыркүйектің 9-25-і аралығында Жамбыл облысының «Мәтібұлақ» жалпыәскери полигонында лаңкестікке қарсы «Бейбіт миссия-2010» бірлескен әскери жаттығулары өткізіледі. Оған Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер тартылатын болады, деп хабарлайды ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.

Гвардейский гарнизонындағы Мәтібұлақ полигонында өтетін ең ірі лаңкестікке қарсы «Бейбіт миссия - 2010» әскери жаттығуына қатысушыларға арналған далалық лагерді жайластыру жұмыстары бір айдан бері тынымсыз жүргізілуде.

Бүгінге дейін далалық лагерге «Оңтүстік», «Шығыс» өңірлік қолбасшылықтарынан екі мыңнан аса әскери қызметшілер мен жеті жүз жауынгерлік техника орналастырылды. Бұл тек бастамасы ғана.

Апта сайын Отар станциясына жаттығуға қатысатын бөлімшелер мен әскери бөлімдердің техникасы мен мүлкін темір жол көлігі арқылы жеткізу жалғасуда.

Әскерлерді далалық жағдайға сай орналастыру жоспарлы түрде жүзеге асырылуда. Бұл ретте Қазақстан армиясының әскери қызметшілері жаттығуға дайындық жұмыстарына күш салуда ұйымшылдық танытуда. Олар әскери нысандарды жоспарлауға және қару-жарақ сақтайтын бөлмелер мен спорт қалашықтарын жабдықтауға, сондай-ақ байланысты қамтамасыз етуге өз үлестерін қосуда. Ресей Федерациясы, Қытай, Тәжікстан, Қырғызстан сияқты шетелдерден келетін жоғары қызметтегі меймандарды қабылдау мәселелері де назардан тыс қалған жоқ.

Тағы бір айта кететін нәрсе, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы басқармасының офицерлері қауырт жұмыстарға қарамастан 2010 жылы оқу бітірген кадеттер мен жас лейтенанттардың жиынын өткізуді де қолға алған. Олар үшін жаттығу барысында қолданылатын қару-жарақ пен әскери техника көрмесі ұйымдастырылды. «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының орынбасарлары полковниктер Виктор Кашоид пен Сергей Захаровтардың жетекшілігімен оқу орындарында басқарма офицерлері жиынға келгендерді Т-72 танкісінің, БМП-2, БМ-21, техникаларының тактикалық-техникалық сипаттамасымен таныстырды.

Жаттығуға қатысушылардың қолы босаған сәттерде оларға әр апта сайын «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы мен Гвардейский гарнизонының көркемөнерпаздары өз өнерлерін көрсетіп жүр.