Бейбітшілік және келісім сарайында «Ежелгі түркілер келбеті» атты бірегей фотокөрме ашылды
Елімізде алғаш рет ұйымдастырылған көрменің бірегейлігі - оның осыдан 1,5-2 мың жыл бұрын ғұмыр кешкен бабаларымыздың бет-бейнесі бедерленген суреттерден тұруы. Көне түркілер бейнеленген портреттер - боялған гипс бетперделер 1883 жылдан бастап осы уақытқа дейін Оңтүстік Сібір археологтарының ғылыми экспедицияларының арқасында сағаналар мен обалардан қазылып алынған. Қазіргі уақытта бұл бірегей тарихи құндылықтар Ресейдегі Эрмитаждың, Мемлекеттік тарихи мұражайдың, Шығыс халықтары мұражайының, Хакасия мұражайларының қорында сақтаулы. Көрмеге қойылған жұмыстар мұражайлық бетперделер қазіргі уақытта жаңашылдық әрі бірегейлік болып табылатын жарық қауырсын техникасында түсірілген көркем фотографиялар болып табылады.
Таштық мәдениетіне тиесілі бейнелерден еуропалықтың да, моңғол тектестің де, тіпті аралас антропологиялық типті де байқауға болады. Бұл таштық қоғамындағы этникалық жағдайдың өте күрделі болғанын көрсетеді.
Қазіргі Хакасия жеріндегі археологиялық экспедициялар 1883 жылы А.Андрионовтың бастамасымен алғаш рет қолға алынып, қазіргі уақытқа дейін бүкіл әлем ғалымдарының назарын өзіне аударып отыр. Осы жерден табылған көптеген археологиялық артефактілер Эрмитаждың, Мемлекеттік тарихи мұражайдың, Шығыс халықтары мұражайының, Хакасия университеті мұражайларының қорына сақтауға алынған.
«Шежіре» галереясы ұйымдастырып отырған бұл жобаның авторы физика-математика ғылымдарының кандидаты, Хакасия тарихын зерттеуші Сергей Нарылков. Ол ұйымдастырған «Ежелгі түркілер келбеті» атты фотокөрме 2009 жылы Новосібірдің Рерих, Омбының Врубель, Красноярскінің Суриков және Иркутск, Қазан мұражайларында, Финляндияда, Татарстан мен Башқұртстанда зор табыспен көрсетілген болатын.