Бидай мен жүгеріні терең өңдеуге баса назар аудару керек — Бектенов
АСТАНА. KAZINFORM — Премьер-министр Олжас Бектенов ауыл шаруашылығы өнімдерін шикізат күйінде емес, терең өңделген өнім түрінде экспортқа шығаруды тапсырды.
Бүгін Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров 2026 жылы іске қосылатын ірі жобалар қатарында Жамбыл облысындағы жүгеріні терең өңдейтін «Фуфенг Груп» жобасын атаған еді.
Осы орайда Үкімет басшысы аталған жобаның биыл іске қосылуы тиістігін айтып, министрге мәселені бақылауда ұстауды тапсырды.
— Сіз «Фуфенг Груп» жобасын атап өттіңіз. Келесі жылы емес биыл бірінші өнім шығару керек. Иесімен келістік қой. Бақылауға алыңыз. Жалпы, бидай мен жүгеріні терең өңдеуге баса назар аудару керек. Қазіргі таңдағы ең маңызды басымдық. Біз шикізатты емес, терең өңделген өнімді экспортқа шығаруымыз қажет, — деді Олжас Бектенов.
Айта кетелік Айдарбек Сапаров ауыл шаруашылығы саласында іске қосылатын ірі жобаларды атаған еді.