Биг Шанхайдағы өрт: Жапа шеккен кәсіпкерлердің несиесі кейінге шегеріле ме

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін таңғы сағат 3 шамасында елордада үш қабатты базар ғимараты өртке оранған еді. Оғиғаның себебі әлі де анықталып жатыр.

Жауаптылар кәсіпкерлердің несиесі мен салық есебін кейінге шегеру мәселесі бойынша тиісті мекемелермен келіссөз жүргізіп жатқандарын айтады.

- Бүгінгі басты міндетіміз – зардап шеккен кәсіпкерлерге күнделікті жұмыс барысында жиі байланысатын негізгі ұйымдармен қажетті мәселелерін шешуге көмектесу. Олар екінші деңгейлі банктер мен салық органдары. Мысалы, алдағы уақытта олар қаржылық есептілікті тапсыру, ай сайынғы төлемдер жасау немесе айналым қаражатын толықтыру кезінде қиындықтарға тап болуы мүмкін. Осындай жағдайда кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсетілуі керек, - дейді Астана қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы Халел Әкімжанов Kazinform тілшісіне берген сұхбатында.

Бұл мәселені шешу үшін кәсіпкерлерге зардап шеккенін дәлелдейтін арнайы анықтама беріледі.

- Базар аумағында жалға алу шарты негізінде жұмыс істейтін кәсіпкерлердің саны 100-ден асады. Қазіргі уақытта оларға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Зардап шеккендер жалға алу шартын, егер заңды тұлға болса, мемлекеттік тіркеу немесе қайта тіркеу туралы құжатты бізге ұсынып, өтініш жазу керек. Өтініш түскеннен кейін 15 жұмыс күні ішінде жауап береміз. Егер барлық құжаттары толық әрі дұрыс болса, кәсіпкерге ресми анықтаманы табыстаймыз. Бұл құжатты салық органдары мен банктерге ресми түрде жүгіну үшін пайдалана алады. Қазіргі таңда 50-ден астам кәсіпкер өтініш беріп үлгерді, - дейді Байқоңыр ауданы Төтенше жағдайлар басқармасының бас маманы Аян Қантек.

Ал кәсіпкерлердің өзі базар ішіндегі жағдайдан хабарсыз. Тіпті қанша шығын келгені туралы ақпаратты да біле алмай отыр.

– Менің нан сататын дүңгіршегім бар еді. Өрт кезінде оның ішіндегі ақша да, тауар да – бәрі жанып кетті. Қазір ішке кіріп, нақты жағдайды көре алмай отырмыз. Бірақ өрт сөндірушілер іші күлге айналып кетті деді. Әкімдік тарапынан қандай нақты шаралар қабылданатыны белгісіз. Біз әзірше өтініш жазып тапсырдық, - дейді кәсіпкер Нұргүл Маханова.

Еске сала кетейік, бұған дейін зардап шеккен кәсіпкерлерге қандай қолдау көрсетілетіні туралы жазған едік.