Биыл 7 мыңнан астам ақмолалық тұрғын үй жағдайын жақсартты

Фото: Ақмола облысы әкімдігі

АСТАНА. KAZINFORM — Ақмола облысында баспанамен бірінші кезекте әлеуметтік осал топ өкілдері, үлескерлер, апатты жағдайдағы үй тұрғындар мен баспана кезегінде тұрған жандар қамтылып жатыр. Бұл туралы Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов мәлім етті. 

— Мемлекет басшысы айқындаған стратегиялық бағдарға сәйкес, мұқтаж азаматтарды жайлы және сапалы тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Биыл жалпы 7 мыңнан астам жерлесіміз тұрғын үй жағдайын жақсартты. Оның 2 мыңы мұқтаж жандар, яғни әлеуметтік тұрғыдан осал топ өкілдері, сонымен қатар үй кезегінде тұрғандар, алданған үлескерлер және апатты жағдайдағы үйлердің тұрғындары бар. Өңірде бизнеспен ынтымақтастыққа негізделген жаңа әрі тиімді тәсілдер енгізілді. Жеке құрылыс компанияларынан «дайын пәтерлерді сатып алу» механизмі әлеуметтік тұрғын үйді тез салуға мүмкіндік беретінін көрсетті. Биыл 750 пәтер сатып алынды. Бұл механизм жеке инвестицияларды реновациялау бағдарламасына тартуға және проблемалық үлестік үйлерді аяқтауға жол ашты, — деді Марат Ахметжанов орталық коммуникациялар қызметі алаңында өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму әлеуеті туралы есеп бере тұрып.

Әкім келтірген мәліметке сәйкес, биыл реновациялау бағдарламасы аясында 11 көпқабатты үй салынды, олар ескірген және тозығы жеткен үйлердің орнына тұрғызылды.

— Қосшы қаласында 543 пәтерлі тұрғын үй кешенінің құрылысы аяқталды, оның 110 пәтері алданған үлескерлерге тегін берілді. Ол көп жылғы қордаланған мәселені шешуде маңызды қадам болды. Қалған пәтерлер Президенттің дайын тұрғын үйді сатып алу жөніндегі бағдарламасы аясында сатып алынды. Қалған үлескерлер бойынша мәселе кезең-кезеңімен шешіледі. Тұрғын үй саясатын дамытудағы оң динамика келесі жылы да сақталады, — дейді өңір басшысы.

Биыл Ақмола облысының диқандары рекордтық көлемде астық жинады

Айта кетейік, Ақмола облысында астықты терең өңдейтін алғашқы зауыт құрылысы басталды.