Бір аптаның ішінде Ақтөбе облысында жол жүру ережелерін бұзушылықтың 2 мыңнан астам дерегі анықталды

None
АҚТӨБЕ. 9 қаңтар. ҚазАқпарат /Самал Ендібаева/ - Өткен апта бойынша жол полициясы инспекторлары жол жүру ережелерін 2 078 бұзушылықты анықтады, деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.

Мәселен, көлікті мас күйінде жүргізген - 57, рөлде отырып ұялы телефонмен сөйлескен - 121, жолда жылдамдықты шамадан тыс асырған - 193, қауіпсіздік белбеулерін тағуды «ұмытқан» 198 ақтөбелік жүргізуші ұсталды.

Сондай-ақ жол полициясының қызметкерлері 2 қылмысты ашты: біреуі қарақшылық, тағы біреуі - бұзақылық бойынша.

Айталық, 1 қаңтар күні таңғы сағат 4-те 102 нөміріне «Оңтүстік-Батыс» ауылының маңына «Жантілес» дүкенінің қасында төбелес болып жатқаны туралы хабарлама келіп түсті.

Оқиға орнына келген жол полициясы жасағы қызметкерлеріне Ақтөбе колледждерінің бірінде оқитын 17 жасар азамат келіп, белгісіз жас адамның оған күш қолданып, «Нокиа» маркалы ұялы телефоны мен кеудешесін тартып алғанын айтты. Келтірілген зиян 30 мың теңгені құрады.

Полиция қызметкерлері көп ұзамай 19 жасар азаматты қолға түсірді. Аталған дерекпен ҚР ҚК-нің 178 бабы бойынша («Қарақшылық») қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізілуде.