Биыл ауылды дамыту бағдарламасы аяқталғанымен, ондағы қойылған міндеттер алдағы жылдары да өзекті болып қалады - Қ. Айтаханов
Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында Үкімет басшысының атына сауал жолдаған сенатор Қуаныш Айтаханов осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Өз сауалында сенатор ағымдағы жылы Ауылдық аумақтарды дамытудың 2004-2010 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасын орындау мерзімі аяқталатынына тоқтала келіп, бағдарлама аясында атқарылған шараларға да назар аударды. Оның айтуынша, бағдарлама бойынша ауылдық аймақтар әлеуметтік-экономикалық даму деңгейі бойынша жіктеліп, олардың жай-күйіне терең талдау жасалынған. Мемлекет тарапынан миллиардтаған қаржы бөлініп, жүздеген білім мен денсаулық сақтау нысандары, мыңдаған шақырым жол, электр, байланыс желілері, таза ауызсу нысандары салынып, көптеген ауыл газбен қамтамасыз етілген. Дағдарысқа қарамастан Мемлекет басшысының бастамасымен Жол картасы бағдарламалары арқылы ауылдың жүздеген әлеуметтік және инфрақұрылым нысандары күрделі және ағымдағы жөндеуден өтуде. Нәтижесінде, елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық әлеуеті ұлғайды, ауыл тұрғындарының жағдайы едәуір жақсарды.
«Дегенмен, бағдарламаның орындалу мерзімі биылғы жылы аяқталса да, ондағы қойылған міндеттердің бір бөлігі алдағы жылдарда да өзекті болып қала береді. Ауылда әлі осыдан 40-50 жыл бұрын салынған апаттық жағдайдағы білім беру мен денсаулық сақтау нысандары, үш ауысымда оқитын мектептер жеткілікті. Мектепке дейінгі балалар мекемелерімен қамту дәрежесі төмен. Көптеген елді мекендер газбен, электр желілерімен қамтамасыз етілмеген, суды тасып ішеді, аудан, ауыларалық жол жағдайы сын көтермейді. Бағдарламада көрсетілген ауылдық аймақтардың дамуына басымдық беретін тиісті нормативтік құжаттар толық қабылданбаған», деді сенатор. Оның айтуынша, аграрлық саланы дамыту ауылда тұратын халықтың өмір сапасын арттырудың шешуші факторы болып табылады. Сонымен бірге, Қ. Айтаханов ауыл шаруашылығында еңбек өнімділігін 2014 жылы екі есеге көтеру міндетін орындау үшін ауылға жаңа технологиялар мен ғылымның озат тәжіриебелерін ендіруді керек ететіндігін алға тартты. Ал бұның өзі, сенатордың пікірінше, ауылдағы жұмыс қолын қысқартуы әбден мүмкін. «Ауылда халқымыздың 47 пайызы тұратынын және оның жартысынан астамы өзін-өзі жұмыспен қамтитын «жұмыссыздар» санатына жататыны ауыл аумақтарын және ауыл шаруашылығын дамытуға әлі де көп көңіл бөліну керек екенін айқындай түседі», деді Қ. Айтаханов.