БҚО-да 448 адамның көлікті мас күйінде жүргізгені анықталды

None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында жыл басынан бері 448 адамның көлікті мас күйінде жүргізгені анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Орал қалалық ішкі істер басқармасы жергілікті полиция қызметінің аға инспекторы, полиция майоры Динара Әбділқалықованың айтуынша, өңірде жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында ұйымдастырылған айлық аясында «Мас жүргізуші» жедел алдын алу шарасы да өткізілді.
Оның сөзіне қарағанда, егер жүргізуші көлік руліне мас күйінде отырса, сот шешімімен үш жылға дейін көлік басқару құқығынан айырылады. Егер жүргізу құқығынан айырылған жүргізуші жыл ішінде рульге қайта отырса, оны кемінде 15 тәулікке әкімшілік қамауға алу жазасы күтіп тұр.

Қазіргі кезде мұндай жазаға іліккендер жоқ емес. Солардың бірі, он тәуліктен астам уақыт бойы уақытша оқшаулау изоляторында отырған Азат есімді жүргізуші өзінің жасаған ісіне шын өкінетінін білдірді.

«Егер мас күйімде рульге отырғаным үшін қамауға алынатынымды білсем, ішімдікке мүлде жоламас едім. Енді жұмысқа қайтып көрінемін, бірінші сыныптағы баламның көзіне қалай қараймын!? «Мас күйіңде жол апатын жасағанша, қамалғаның жақсы болған», деп әйелім дұрыс айтқан екен. Бұл маған өмірлік сабақ болды», деді ол.

Айта кетейік, облыста 30 мамыр - 1 маусым аралығында «Қауіпсіз жол» жедел алдын алу шарасы да өткізілді. Үш күннің ішінде 1 830 жол ережесін бұзушылық анықталса, соның ішінде 41 жүргізушінің көлікке мас күйінде отырғаны белгілі болды. 15 жүргізуші көлігімен қарсы бетке шығып кетсе, жылдамдықты шектен тыс арттырғандарға 285 әкімшілік хаттама толтырылды. 57 жүргізуші бағдаршамның тыйым салған белгісіне қарамастан өтсе, жүргізуші куәлігі жоқ 32 адам рульге отырған. Сот шешімімен көлік басқару құқығынан айырылған 8 адам автокөлік айдап, ұсталды. Сондай-ақ жол ережесін бұзған 202 жаяу жүргінші де «көзге түсті».