БҚО-да партиялар өкілдері сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде

None
ОРАЛ. 9 қаңтар. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Батыс Қазақстан облысында партиялар өкілдері сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын қызу жүргізуде.

9 қаңтар күні Зеленов ауданында «Нұр Отан» партиясы жақтастарының форумы өтті. Онда «нұротандықтарды» қолдауға соғыс және еңбек ардагерлері, кәсіпорындар мен оқу орындары өкілдері, жастар келді.

Аудан тұрғындары алдында сөз сөйлеген ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттығына үміткер Елена Тарасенко, партияның бағдарламасымен таныстырды.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының серкелері Жармахан Тұяқбай, Тоқтар Әубәкіров, Балташ Тұрсымбаевтар батысқазақстандық тұрғындармен кездесіп, өз партиясының ұстанып отырған тұғырнамасы, бағыт-бағдары жөнінде әңгімелеп берді.

Сондай-ақ «Әділет» демократиялық партиясының төрағасы Мақсұт Нәрікбаев пен осы партиядан Мәжіліске үміткер Естай Әлікеев Орал қаласында сайлаушылармен кездесті. Олар да өз партиясының іс-қимыл бағдарламасын сайлаушылар назарына ұсынды.

Қазақстан коммунистік халықтық партиясы облыстық ұйымының басшылары да сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу бағытында Сырым, Жаңақала, Тасқала, Бөрлі аудандарында болды.