БҚО-да сайлауға дайындық ойдағыдай - А.Хамзин, БҚО

None
ОРАЛ. 28 желтоқсан. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Батыс Қазақстан облысында барлық сайлау учаскелерінде алдағы сайлауға дайындық қызу жүруде. Бұл туралы облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Абай Хамзин мәлім етті.

Оның айтуынша, облыс аумағындағы 523 сайлау учаскесі осы аса маңызды жұмысқа кіріскен. 27 желтоқсандағы мәлімет бойынша барлық сайлау учаскелерінде 395901 сайлаушы тізімге алынған. Комиссия қызметкерлері қазір үй-үйді аралап, дауыс берушілердің тізімін толықтыру, нақтылау үстінде. Сондықтан, жоғарыдағы сан сәл-пәл өзгеруі мүмкін.

Биылғы сайлау жылдың ең қиын кезеңіне, қоян жылғы қыстың қақ ортасына сәйкес келіп тұр. Бірақ, Президент Жарлығы бойынша, барлық деңгейдегі атқарушы билік аса маңызды саяси науқанды өз дәрежесінде өткізуге атсалысуы тиіс.

Бүгінде «Қазақтелеком» АҚ облыстағы барлық сайлау учаскесімен телефон байланысын жолға қойған. Облыстағы бас орталықта әр ауданмен қарым-қатынасты жалғап тұрған телефон, факс, ғаламтор желісі ұйымдастырылды. Орталық сайлау комиссиясынан сайлауды өткізуге бөлінген қаржы барлық аудандық комиссияға жеткізілді.

Батыс Қазақстан облысындағы облыстық, аудандық және қалалық мәслихаттарға сайланатын барлық 200 орынға - 666 үміткер ұсынылған болатын. Соның 602-сі заңды тіркеліп, сайлау додасына қатысуға ниет білдірген. Осы 602 үміткердің 229-ы әртүрлі саяси партиялардың атынан ұсынылған. Атап айтқанда, 200 үміткер - «Нұр Отан» ХДП-нан, 2 үміткер - «Ауыл» партиясынан, «Ақ жол» ҚДП-дан - 10 үміткер, Қазақстанның коммунистік-халықтық партиясынан - 9 үміткер, «Әділет» демократиялық партиясынан - 7 үміткер, тағы 1 үміткер - ЖСДП-дан ұсынылған. Бұдан басқа, түрлі бағыттағы қоғамдық ұйымдардан - 4 үміткер сайлауға қатыспақ. Оның сыртында 369 адам өзін өзі ұсынған.

Депутат орынтағынан үміткерлер үшін барлық деңгейде де оңай болмайтын түрі бар. Мысалы, облыстық мәслихаттағы 30 орынға 98 үміткер таласуда. Орал қаласынан облыстық мәслихатқа сайлануы тиіс 14 орынға 49 үміткер тіркеліпті. Сондай-ақ барлық аудандық мәслихаттардағы жалпы депутаттық орын саны 150 болса, бүгінде одан 424 адам дәмелі болып отыр. Ал Орал қалалық мәслихатында дода тіпті қызу: мұндағы 20 орынға 80 үміткер тіркеліп, үгіт-насихат көрігін қыздырып жатыр.

Күні бүгін Орал қаласында ЕҚЫҰ тарапынан тіркелген шетелдік екі байқаушы жұмыс істеп жатыр. Ұзақ мерзімді байқаушы статусы бар Ульрих Фишер мен Диан Паркердің негізгі мақсаты - 2012 жылы Қазақстан Республикасында өтетін Парламент сайлауының өтуін бақылау миссиясы. Жақында Орал қаласында халықаралық байқаушыларға және шетелдік БАҚ өкілдеріне жәрдемдесу орталығы ашылды. Әзірге сайлауалды дайындық, үгіт-насихат жұмыстары заңға сәйкес өтуде. Ешқандай заңбұзушылық фактісі, арыз-шағым тіркелген жоқ.