БҚО-да тұрақтандыру қоры жұмыс жасай бастады

None
ОРАЛ. 5 қаңтар. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Батыс Қазақстан облысында азық-түлік бағасын өсірмеуді қадағалайтын тұрақтандыру қоры жұмыс жасай бастады.

Облыс әкімінің орынбасары Ербол Салықовтың төрағалығымен тамақ өнімдері бойынша аймақтық тұрақтандыру қорын құрылып, осы бағыттағы комиссияның жұмыс тобын жасақталды. Алынатын азық-түлік түрлері, олардың көлемі мен көтерме бағасы белгіленді. Аймақтық тұрақтандыру қорының операторы болып «Орал» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы бектілді. Соған орай аталған кәсіпорын "Азық-түлік корпорациясы" ҰК" АҚ-дан 658,5 млн. теңге көлемінде қарыз алды. Корпорация жоспарланған азық-түлікті алып, сақтауға қойған. Олардың ішінде 4000 тонна картоп, 900 тонна пияз, 600 тонна сәбіз сынды жергілікті көкөніс өнімдері бар. 

Облыс әкімі аппаратының бас инспекторы Қуанышқали Есімовтің айтуынша, көкөніс өнімдерінің әр келісі 50 теңгеден алынған. Олар «Аттис Агро» ЖШС-ның қоймасында сақталуда. Ал қарақұмық жармасы, күріш, қант, өсімдік майларына «Резерв» РМК-ның өңірдегі «Сигнал» атты филиалының қоймаларынан орын берілді.

Жалпы, облысқа өзге өңірлерден, көрші мемлекеттерден жеткізілген азық-түлік, көкөніс өнімдеріне делдалдар қосымша үстемелерін қосатыны белгілі. Содан келіп баға қымбаттайды. «Тұрақтандыру қорының арқасында бағаны негізсіз өсіруге жол берілмек емес, - дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы Владимир Мухин.- Яғни бұл шара тұрғындарды жылдың қай мезгілінде де арзан азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін жасалып отыр. Сондықтан мүмкіндігінше жергілікті өнім өндірушілердің қатарын арттырып, олардың өнімдерін сатып алуға бағытталған. Батысқазақстандықтар көкөніс тапшылығын сезінбеуі тиіс деп ойлаймын. Өйткені былтыр картоп және көкөніс алқаптары ұлғайды және Кеден одағының құрылуына облыс орталығынан қашық, Ресеймен шекаралас орналасқан Жәнібек, Бөкей ордасы, Қазталов сынды аудандар орыс ағайындардан қажет көкөніс өнімдерін алды. Ал тұрақтандыру қоры арқылы азық-түлік өңірдегі негізгі дүкендерге жіберілетін болады».