БҚО-да жаңажылдық мереке күндері бірнеше қылмыс тіркелді

None
ОРАЛ. 4 қаңтар. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - БҚО-да жаңажылдық мереке күндері бірнеше қылмыс тіркелді.

Облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен хабарлағанындай, 31 желтоқсан күні сағат 21.00-де Оралға қарасты Деркөл ауылындағы «Березка» саяжай қоғамында 52 жастағы азаматтың ұялы телефонын ашық түрде белгісіз біреу тонап кеткен. Жәбірленуші тез арада полицияға шағым түсірген. Орал қалалық ішкі істер басқармасының жедел тергеу тобы оқиға болған жерге барып, қылмыстың ізін суытпай ашты. Зеленов ауданының 20 жасар тұрғынын күдікті ретінде қолға түсіріп, ұялы телефонды тәркіледі. 1 қаңтарға қараған түні 26 жастағы жігіт Қазталов ауылындағы «Атамекен» мейрамханасында үстелді аударып, ыдыс-аяқтарды сындырған. Нәтижесінде мекемеге 20 мың теңге шығын келтірген.

 2 қаңтар күні Орал қаласындағы Достық даңғылында орналасқан үйдің ауласында 23 жасар Д. және 22 жасар А. 38 жастағы азаматтың ұялы телефонын ашық түрде тонап кеткен. Бұл оқиға оларға аздық еткендей, такси тоқтатып, «Птичник» саяжай қоғамына дейін жеткізуін өтінеді. Белгіленген жерге жеткен екі жігіт көліктің ішінде 54 жастағы таксисті тұншықтырып, ұялы телефоны мен 15 мың теңге ақшасын алып кеткен. Кейін бұл екеудің жанына 19 жасар С. қосылып, таңғы сағат 09.30-да «Фольксваген-Джетта» автокөлігіне отырып алып, Чапаев затоны ауданында 27 жастағы жүргізушіге қарақшылық шабуыл жасаған. Жүргізушіге күш қолданған қарақшылар 57 мың теңге ақша мен ұялы телефонды алып кеткен. Көлік жүргізушісінің екеуі де түрлі дене жарақаттарымен ауруханаға қаралған. ІІД, Орал қалалық ІІБ және жол полициясының қызметкерлері үш қарақшыны құрықтап, уақытша ұстау изоляторына қамауға алды.

 2 қаңтар күні түнде Зеленов ауданының Мичурин ауылында белгісіз біреу дүкеннің терезесі арқылы кіріп, жалпы құны 14 мың теңге болатын азық-түлік пен ішімдіктерді ұрлаған. Мичурин полиция бөлімінің криминалдық полиция қызметкерлері 18 жасар ауыл тұрғынын ұстады. 30 желтоқсан күні «Рашид» сауда үйі сатушысының 67 мың теңге ақшасы, ұялы телефоны мен құжаттары қолды болған. 2 қаңтар күні Орал қалалық ІІБ Абай полиция бөлімінің криминалдық полиция қызметкерлері ұрлық жасаған 57 жасар әйелді құрықтады.