Боксшы Бекзат Нұрдәулетов Ақтауда аргентиналық Дурваль Паласиомен кездеседі
12:21, 09 Маусым 2022
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 11 маусым күні Ақтауда Қазақстан боксшысы, WBO International нұсқасы бойынша жартылай ауыр салмақтағы әлем чемпионы Бекзат Нұрдәулетов (4-0, 2 КО) пен аргентиналық Дурваль Паласио (9-2, 6 КО) жұдырықтасады. Кәсіби бокс кеші туралы ұйымдастырушы «Adal Promotions» компаниясы әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бекзат Нұрдәулетовтің бұған дейінгі соңғы жекпе-жегі де Ақтауда өткен болатын. 5 ақпан күні боксшы нидерландылық Чико Квазиді (5-1-1, 2 КО) 9-раундта техникалық нокаутпен жеңген еді. Ал, «Бомбалаушы» лақап атымен танымал аргентиналық Дурваль Паласио туған жерінен тыс елде тұңғыш рет өнер көрсетпек.
Осы кеште қазақстандық Мейірім Нұрсұлтанов (16-0, 9 КО) өзіне тиесілі WBO International нұсқасы бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы белдігін қорғайды. Оның қарсыласы – аргентиналық Себастьян Орасио (18-3, 6 КО).
Тағы бір қазақстандық Бекман Сойлыбаев (13-1, 5 КО) мексикалық Томас Рохаспен (52-20-1, 34 КО) 10 раундтық кездесу өткізеді.